Таксопарктер әрбір оныншы таксиді мүгедектігі бар адамдарға бейімдеуі керек – заң жобасы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінде таксопарктерді әрбір оныншы таксиді мүгедектігі бар адамдарға бейімдеуге міндеттейтін заң жобасы талқыланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжаттың толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы.

Заң жобасын Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев таныстырды. Бірнеше Сенат депутатының бастамасы бойынша Мәжіліс қарауына енгізілген құжат Қазақстан Республикасының 75 заңнамалық актісіне, оның ішінде 11 кодекс пен 64 заңға өзгерістер енгізуді көздейді.

«Заң жобасында мүгедектерге қатысты дискриминацияға жол бермеу мақсатында бірқатар норма енгізіліп отыр. Оның ішінде «мүгедек», «мүгедек бала», «Ұлы Отан соғысының мүгедегі» деген сөздер тиісінше «мүгедектігі бар адам», «мүгедектігі бар бала» және «Отан соғысы кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы және ауруы салдарынан мүгедектігі бар адам» деген сөздермен алмастырылады.

Оңалту және осы саладағы алдын алу бағытындағы жұмыстарды біріздендіру мақсатында «абилитация» түсінігі енгізілді. Абилитацияның сапалы ұйымдастырылуы медициналық реабилитациядағы ем-домның сапасын едәуір көтеретін әлеуметтік-психологиялық, медициналық көмек деп есептейміз. Аталған норма БҰҰ-ның конвенциясына сәйкестендірілді», - деді депутат.

Оның айтуына қарағанда, әкімдіктер мен кейбір министрліктердің жанынан мүгедектігі бар адамдармен жұмыс жүргізуге жауапты шататтан тыс кеңесшілерді тағайындау тәртібі біріздендірілмек.

«Заң жобасында таксопарктердің әрбір он таксидің біреуін мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделуін қамтамасыз етуі тиіс деген түзетулер енгізіліп отыр. Қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша таксопарктер әрбір отызыншы таксиге осындай норма пайдаланады. Сонымен қатар тұрақты маршруттар үшін мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға бейімделген автобустарды сатып алу бойынша өзгертулер енгізу жоспарда бар», - деді Мәжіліс өкілі.

Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектік бойынша жәрдемақы 30 мың теңгеге ұлғаяды деген ақпаратты теріске шығарған болатын.

Соңғы жаңалықтар