Такир Балықбаев: Елбасы Жолдауы - елдің игілігіне бағытталған тарихи құжат

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жолдаудың ең басты ерекшелігі - халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғаны болып отыр. Сол себепті де оны елдің игілігіне бағытталған тарихи құжат деп қабылдауымыз керек.  Бұл туралы пікірімен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор  Такир  Балықбаев бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Конституциясының 44-бабының 1-тармағына сәйкес ел Президенті Қазақстан халқына елдегі жағдай мен республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнайтыны белгілі. 1997 жылдан бастап Елбасының халыққа арнаған Жолдауын бүкіл халық болып күту игі дәстүрге айналды. Жолдау ғаламдық саясат айдынында жүзген Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындайтын, ішкі саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге бүкіл қоғамды жұмылдыратын, билік органдарына іс-әрекет етудің басым бағыттарын нұсқайтын әмбебаб саяси құжат дәрежесіне жетті.

Мұндай игілікті жылдары Елбасының Жолдаулары қарқынды даму, әлеуметтік саланы жақсарту рухында болды. Ал, биылғы Жолдау ел тарихына жаңа белес алып келді деуге болады.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқы Елбасының көшбасшылығымен теңдесі жоқ серпінді реформалар жүргізді, елді жаңғыртты, мемлекетімізді жаңа биіктерге көтерді. Осындай сындарлы саясаттың арқасында Қазақстан қазір Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналып шыға келді. Қазақ елі өзгелерді де өз өнегесімен өрге бастайтын дамудың дара жолымен үздік үлгіге, ұлағатты ұстазға, жасампаз елге айналды. Біз осы уақыт аралығында саясат пен экономикада үлкен жетістіктерге жеттік. Қазақ жерінде әртүрлі халықаралық форумдар мен жиындарды жоғары деңгейде өткізіп, әлемдік қоғамдастықтың сенімін абыроймен ақтадық. Сол арқылы әлемде бейбітшілік пен келісімнің, сенім мен тұрақтылықтың алтын бесігі ретінде танылдық», - деді Такир Балықбаев. 

Оның айтуынша, еліміз үнемі көш басында жүру үшін ұдайы ілгері басуы қажет. Алдағы келешекте біздегі көптеген салаларда кешенді реформалар мен құрылымдық өзгерістер күтеді. Бұлар Президентіміздің жаңа Жолдауы қойып отырған міндеттерден өрбімек.

«Биылғы Жолдау бұған дейінгі халыққа арналған Жолдаулардың заңды жалғасы деп білемін. Онда халықтың тұрмысын одан әрі жақсартуға, еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне қатысты айтылған маңызды мәселелер қамтылды. Ол бүкіл халықтың, әрбір шаңырақтың, әрбір азаматтың жағдайын жақсартуға бағытталған. Сондықтан да бұл Жолдаудың ең басты ерекшелігі - халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғаны болып отыр. Сол себепті де оны елдің игілігіне бағытталған тарихи құжат деп қабылдауымыз керек. ҚР Президентінің биылғы дәстүрлі Жолдауы елімізді одан әрі дамытудың алдағы бағыттарын айқындай түседі», - деді профессор.

Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде. Тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, жаһанды азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, судың тым тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, Төртінші индустриялық революция, үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздықтың қаупі сияқты сын-қатерлер Қазақстанның алдында бұрын кездеспеген проблемалар туындатуы әбден мүмкін.

«Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі, елдің басты байлығы - адамның даму мәселесі болып отыр ... Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс» деп атап көрсетті Елбасы. Сондықтан да үкімет, әрбір мемлекеттік органдардың, мемлекеттік компанияның басшысы жұмыс тәсілдерін өзгертуі қажет деп Президент ерекше атап өтті. Бұрынғы белгіленген «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Рухани жаңғыру» сынды күрделі жобалардың әрі қарай жүйелі жалғасын тауып, сапалы орындалуына да министрлер мен облыс әкімдерін жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Әрине, әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады. Сондықтан күн тәртібіне әлеуметтік қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі қойылады. Біз үшін маңызды міндет - қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту» деп, Елбасы ылғида айтып келеді.

Президент өз Жолдауында елдің шешілуге тиісті міндеттерінің сапалық тұрғыдан өзгергенін атап көрсетіп, кезекті дүниетанымдық серпіліс жасау керектігі ескертеді. Қазір мемлекет кемелдікке келді. Демек, бүгінгі күн тәртібі елдің қалыптасу кезеңіндегіден өзгеше болуға тиіс.

Елбасымыздың биылғы Жолдауында айтылған алты бағыт та халықты  алаңдатқан ең өзекті және күрмеуі қиын мәселелерді оңтайлы шешуге жол ашып береді. Олардың ішінде елдің табысын өсіру, тұрмыс сапасын одан әрі жақсарту, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтардың сұранысына сай мемлекеттік аппарат құру, сыртқы саясаттың тиімділігін арттыру және әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістерге атсалысуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа міндеттер халықтың көкейінде жүрген көптеген сауалдарға берілген нақты жауап болды деуге әбден лайық. Мысалы, келесі жылдан бастап, төменгі еңбекақы мөлшерінің  20 пайызға өсуі халықтың күтіп жүрген мәселесі. 1,3 миллион адамның еңбекақысы келесі жылдан бастап өседі. Үш жүз мыңға жуық бюджеттік мекеме қызметшілерінің жалқысы орта есеппен 35  пайызға көбейетін болады. Әсіресе, кәсіби өтілі аз, жаңадан қызметін бастаған мамандар үшін бұл өте үлкен қолдау балатыны анық. Мұндағы мақсат - адамдардың қолайлы өмір сүруіне тікелей жағдай жасау»,- деді ол.

Оқу орнының ректоры Елбасы жолдауының блім саласына қатысты айтылған тұстарын да тілге тиек етті.

«Білім жүйесін жаңғыртуда оқыту үдерісіне озық әдістеме мен технологияларды енгізу арқылы әлемдік білім кеңістігіне еркін енуге болатындығын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ендеше, Елбасымыз айтқандай, халықаралық стандарттарға сай, Назарбаев Университеті мен зияткерлік мектептердегі озық тәжірибелерді қазақстандық білім беру жүйесіне кеңінен таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне жеткізу төңірегінде терең ойланғанымыз жөн. «Іс тетігін кадрлар шешеді» деген қанатты сөз әлі де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жоғары оқу орындарында білім беру бар да, сондай-ақ өмірлік тәжірибемен ұштасқан сапалы маман бар. Міне, осы екі нәрсенің ара-жігін ажырату үшін біліктілік деген мәселе бой көрсетеді. Отандық оқу орнының сапасы оны бітірушілердің лайықты жұмысқа орналасуы көрсеткішімен өлшенсе, Елбасы айтқандай, бұл зор ынталандыру болмақ. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі - оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екенін еске сала отырып, жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажеттігіне тоқталды», - деді ректор.

Оның айтуынша, білім беру ісіндегі педагогикалық құрамның сапасын арттыру мәселесі өте көкейтесті екендігі Жолдауда анық көрсетілген.

«Ендеше, мектептер мен жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін көтеру, жауапкершілігін күшейту қажеттілігі күн тәртібіне қойылып отыр. Олай болса, өңірдегі педагогикалық институттардың атқарар міндеттері бұрынғыдан да артып, олардың білікті кадр дайындау жауапкершілігі тереңдей түспек. Жалпы, жаңа тұрпатты педагог дайындауға жаңа көзқарас  қалыптастыруымыз керек.

Ал, мұғалім - қоғамда болып жатқан өзгерістер мен халықтың санасын жаңғыртушы тұлға екендігін ескерсек, «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау тапсырмасы дер кезінде қолға алынған бастама деуге болады.

Біздің елімізде «Білім туралы» заңда белгіленгендей, жоғары оқу орындарының академиялық және өзін-өзі басқаруын кеңейту мүмкіндіктері қарастырылған. Жоғары оқу қызметіне қатысты бірқатар мәселелер олардың құзіреттіліктеріне берілген. Осыған байланысты енді жоғары оқу орындарының қызметіне де талап күшейтілітін болады. Жолдаудағы аса бір айта кететін жайт - білім беру ісіндегі тәрбиенің орны. Білім беру ісі патриотизм, адамгершілік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, рухани даму, заңға бағынушылық сияқты құндылықтармен астаса жүруі керек екендігі қоғам тарапынан қолдау тауып отырғанын айтуымыз керек. Айтылғандардың бәріне немқұрайды қарамай, тәрбие ісінде ұсақ-түйек болмайтындығын барлығымыз жете түсініп, ата-ана, қоғам мүшесі ретінде көзқарасымызды айқын танытып, жастарымыздың бойына адами құндылықтарды сіңіре білсек, нұр үстіне нұр», - деді Такир Балықбаев.

 

Соңғы жаңалықтар