Тәкфириттік санаға тоқтау салып, дәстүрлі исламның принциптерін кеңінен насихаттау қажет – исламтанушы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ислам тарихында «үлкен күнә» және иман мен «амал» арақатынасы мәселесі ең алғаш харижиттер тарапынан көтерілді. Олар әу баста «күпірлік» ұғымын негізге ала отырып, осы ұғыммен байланысты әртүрлі теологиялық мәселелерді көтерді. Солардың ең маңыздысы «үлкен күнә» және иман-амал мәселесі-тін.

Харижиттер адамға ішкі сенімінен гөрі, сыртқы іс-әрекеттеріне қарап баға беретін болған. Олардың түсінігі бойынша, адамның нағыз кәміл мұсылман болуы үшін жүректегі сенім иман жеткіліксіз, жүректегі сеніммен бірге, соған лайық іс-әрекеттердің амалдардың болуы және күнәлардан тыйылу міндетті.

Осыған орай харижиттер діндегі амалдар мен үкімдерге, яғни діни практикаға ерекше мән берді. Бірақ олар бұл мәселеге де біржақты қарады. Нақтырақ айтқанда, теріс жағынан қарады деуге болады. Олар кемел мұсылман қоғамы қандай болу керек деген мәселеге келгенде, діндегі амалдар мен үкімдердің орындалуынан гөрі, олардың тәрк етілмеуі мәселесіне, сауапты істерден гөрі, күнәлі істердің орын алмауына баса назар аударды. Басқаша айтқанда, олар мұсылман қоғамын іс жүзінде жат элементтерден тазартуды ең үлкен міндет санап, «кім тақуа» дегеннен гөрі, «кім күнәһар», сондай-ақ «кім мүмін» дегеннен гөрі «кім кәпір» деген санамен және ұстаныммен әрекет етті. Осылайша олар шынайы мүмінге, мұсылманға қойылатын талаптарды тым күшейтіп әрі қиындатып жіберді.

Олардың түсінігіндегі идеалды мұсылман ‒ діннің барлық талаптарын мүлтіксіз орындайтын, тыйғандарынан толық тыйылатын, күнә атаулыдан ада, іші де, сырты да кіршіксіз болуы керек-тін. Бұл түптеп келгенде, адамның жаратылысымен, табиғатымен және психологиясымен санаспау еді. Нәтижеде исламда «такфиризм» тенденциясы пайда болып, белең алды.

«Иман» және «күпірлік» немесе «мүмін/мұсылман» және «кәпір» сөздері Құрандағы ең негізгі ұғымдар әрі бүкіл Құран пәлсапасының өзегі болып табылады. Харижиттік сана негізінен Құрандағы осынау ұғымдарға негізделеді.

Алғашқы харижиттер көтерген мәселелер теориядан бұрын, негізінен практикалық мәнге ие болды. Кейін муғтазилиттердің тарих сахнасына шығумен иман мен амал және күнә ұғымдарына қатысты харижиттік ұстаным теориялық тұрғыдан негізделді. Өйткені мұғтазилиттер харижитерге қарағанда анағұрлым зейінді әрі талдау жасау қабілеті жоғары теоретиктер еді. Нәтижеде бұл құбылыс ислам теологиясының қарқынды дамуына және ондағы көптеген ұғымдар мен терминдердің қалыптасуына негіз болды.

Сунниттік бағыттағы мазхабтардың барлығы «үлкен күнә» жасаған мүмін мәселесінде ортақ ұстанымда. Ешбірі күнәһар мүмінді иманнан айырмайды. Араларында «иман» ұғымының түпкі мәні мен ақиқатына, иман мен амал арақатынасына және өзге де «иман» мәселелеріне қатысты әртүрлі, тіпті бір-біріне кереғар көзқарастар болса да, үлкен күнә жасаған мүмінді немесе дінде парыз болған қандай да бір амалды (жоққа шығармастан) орындамаған мұсылманды күпірлікпен айыптамау мәселесіне келгенде бәрінің ұстанымы бір. Бұл да өз кезегінде харижиттер мен мұғтазилиттердің ұстанымының қате әрі дәстүрлі исламның діни-идеологиялық тұғыры болған сунниттік доктринаға түбегейлі қайшы екенін көрсетеді.

Бүгінгі таңда әлемде және елімізде белгілі деңгейде белең ала бастаған «такфиризм» құбылысының діни-идеологиялық тұғыры дәстүрлі сунниттік исламға кереғар харижиттік және мұғтазилиттік санаға негізделетіндігі даусыз. Бұл сунниттік доктринаға да, қазақ елінің дәстүрлі діни дүниетанымына да түбегейлі қайшы келетін діни сана және ілім.

Осынау харижиттік және мұғтазилиттік санадан бастау алған діни радикализм мен экстремизм ислам тарихында мұсылмандар арасында алауыздық туғызумен қатар, көптеген қақтығыстар мен қанды оқиғалардың орын алуына түрткі болғаны белгілі. Сонымен қатар мұндай аса қауіпті тенденцияның кейінгі буын мұсылмандарға да аздыкөпті әсер еткені сөзсіз. Бүгінгі таңда кейбір діни топтар мен ұйымдарға «неохарижиттер» деген ат қойылып, айдар тағылуының өзі соның айғағы.

Мұның ең басты себебі олардың сенім мәселесіне келгенде алғашқы харижиттер сынды «кім кәпір?» деген ұстаныммен әрекет етіп, исламдағы парыз амалдарды орындамаған, тіпті, исламның бес парызын орындап жүрсе де, өздерімен пікірлес, сенімдес болмаған мұсылмандардың бәрін жаппай кәпір санауы, сондай-ақ оларды өз беттерінше мұсылмандық құқықтан айырып, қаны мен мал, дүниесін өздеріне адал санап, оларға қарсы жиһад жариялауы еді.

Өкінішке орай бүгінгі таңда санасы харижиттік идеологиямен уланып, өздерін ғана кәміл мұсылман, өзгелерді жаппай кәпір санайтын радикалды ұстанымдағы жекелеген тұлғалар мен топтардың әр жерде лаң салып, бұзғыншылық жасап жүргеніне куә болудамыз. Тіпті олардың кейбір геосаяси күштердің қолшоқпары мен ойыншығы болып жүргенін де айтып жүрген діни-саяси сарапшылар баршылық.

Ислам тарихының алғашқы кезеңдерінде пайда болған діни радикализм мен экстремизм негізінен бірқатар діни-саяси факторлар негізінде туындаса, бүгінгі таңда бұл тенденцияның қайта жанданып, белең алуына сеп болған саяси факторлардан басқа да бірқатар діни-әлеуметтік себеп-салдар бар. Атап айтсақ олардың ең негізгілері:

1. Мұсылман елдеріндегі жалпы және діни сауатсыздық;

2. Көптеген мұсылман елдеріндегі әулеуметтік теңсіздік және кедейлік;

3. Мұсылмандар арасында ауызбіршіліктің болмауы;

4. Мұсылман елдеріндегі өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесінің ақсауы және әлеуметтік әрі қоғамдық институттардың өз функцияларын тиісті деңгейде атқармауы;

5. Батыс елдерінде, соның ішінде батыстық бұқаралық ақпарат құралдарында антиисламизм мен исламофобия құбылысының белең алуы және исламның басты рәміздері мен құндылықтарының көпе-көрінеу аяқ асты етілуі;

6. Мұсылман емес елдерді айтпағанда, көптеген мұсылман елдерінің өзінде діни радикализм мен экстремизмге төтеп беретін бірыңғай діни идеология мен механизмдердің болмауы.

Сондықтан, бүгінгі таңда қайта бас көтеріп, белең алған діни радикализм және экстремизммен күресудің ең тиімді жолы соған түрткі болып отырған аталмыш факторлармен күресу болып табылады. Сонымен қатар бұл мәселеде діни радикализмнің ғылыми-идеологиялық платформасы болған теологиялық мәселелерге қатысты радикалды көзқарастарды қатаң сынға алып, терістеген әрі дәстүрлі сунниттік доктринаны ғылыми-теологиялық тұрғыдан негіздеп, қуаттаған имам Матуридидің ілімі мен теологиялық тұжырымдарының маңызы зор екені сөзсіз.

Ендеше бүгінгі таңда да қайтадан бой көтеріп, белең ала бастаған тәкфириттік санаға тоқтау салып, дәстүрлі исламның принциптерін кеңінен насихаттауда Матуриди ілімінің алар орны ерекше екені даусыз.

Асқар Әкімханов «Нұр-Мүбарак» университеті, Исламтану кафедрасының (м.а.) доценті, PhD докторы

Соңғы жаңалықтар