Таиландта Семей полигонының қасіреті туралы фильм көрсетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АТМЭӘК) штаб-пәтерінде Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған жиын өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат СІМ сілтеме жасап хабарлайды.

Шара Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі Елшілігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Семей полигонының қасіреті туралы деректі фильм көрсетілгеннен кейін қатысушылар ядролық қаруды қолдану және сынау құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Өз сөзінде Елші Раушан Есбулатова Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалысты ілгерілетудегі айрықша рөлін атап өтті. Әлемдегі төртінші ядролық әлеуетінен бас тарту шешімін қабылдау халықаралық қоғамдастыққа жас Қазақстанның бейбіт ниеттері туралы айқын белгі берді. Бұл тарихи қадам елдің халықаралық қызметінің болашағын айқындады. Елбасы басшылығымен Қазақстан ядролық қарусызданудың белсенді жақтаушыларының бірі болды. Республикамыз ТМД-ға мүше-мемлекеттердің алғашқы қатарында Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және Ядролық сынақтарға тұтастай тыйым салу туралы шартқа қосылды. Семей шартына қол қою арқылы Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ құрылды – Солтүстік жарты шардағы осындай тұңғыш аймақ болды. 10 жыл бұрын Қазақстанның бастамасымен 29 тамыз БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланды. 2015 жылы БҰҰ БА Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу бойынша жалпыға ортақ декларация қабылданды. Қазақстан аумағында МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкін құру барлық мүдделі мемлекеттерге бейбіт атомға қолжетімділікті ашты. Қазақстанның ядролық қарусыздану ісіне бейілділігінің жақында расталуы - мемлекетіміздің жаппай қырып-жою қаруына тыйым салу саласындағы заңды олқылықтарды толтыруға бағытталған Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялауы болды. Р.Есбулатова іс-шараға қатысушыларға Елбасының БҰҰ мінберінен 2045 жылға дейін ядролық қарудан азат әлем құру үшін күш-жігерді біріктіруге шақырды.


АТМЭӘК Атқарушы хатшысы Армида Салсиа Алисджабана құттықтау сөз сөйледі, ол Қазақстанның тұрақты даму үшін қажетті негізі болып табылатын бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі белсенді саясатын жоғары бағалады.

Таиланд СІМ-нің Халықаралық ұйымдар департаменті Бас директорының орынбасары Р.Вирабутр өз сөзінде ресми Бангкок Қазақстанның таратпау бағыттағы бастамаларын қолдау ісіне қосылатытын мәлімдеді.

Іс-шараға АҚШ, Аустрия, ЕО, Иран, Италия, Жапония, Канада, Қытай, Ливия, Малайзия, Мексика, Моңғолия, Нигерия, Өзбекстан, Пәкістан, Португалия, Ресей, Шри-Ланка, Шығыс Тимор, Чили, Түркия, Украина, Ватикан елшілері мен өкілдері қатысты. Өз пікірлерінде сөз сөйлеушілер Қазақстан және оның басшылығының таратпау, халықаралық ядролық қарусыз бастамаларды ілгерілету саласындағы мәселелерді шешуде қызметін жоғары бағалады, сондай-ақ ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу үшін әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Форум шеңберінде қатысушылар «АТОМ» жобасы аясында жүзеге асырылатын қызметпен танысуға және ядролық қарудан азат әлем үшін онлайн петицияға қол қоюға мүмкіндік алды.



Соңғы жаңалықтар