Таиландқа ұша алмай қалған қазақстандықтарға қатысты министр түсінік берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев SCAT әуекомпаниясының қызметіне қатысты жолаушылар шағымына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заңда жазылғандай ұшақ кешіккен жағдайда әуекомпания жолаушыларды қонақүй және тамақпен қамтуы тиіс. Мұндай жағдайда Азаматтық авиация комитетіне жүгіну керек. Туристердің уақтылы ұша алмау себебін нақтылау қажет. Әуекомпания айыпты ма? Әлде қателік туроператордан кетті ме? Меніңше, қазір бұл мәселені Азаматтық авиация комитеті қарап жатыр», - деді Қайырбек Өскенбаев Сенаттың кулуарында тілшілердің сұрағына жауап бере тұрып.

Осы орайда министр әуекомпанияларға қойылатын талаптың қатаңдай түсетінін тілге тиек етті.

«Талапты күшейту жағын тағы қарастырамыз. Яғни айыппұл көлемін арттыру. Рейстердің кешігу, кейінге қалу мәселесін ашық талқылау керек. Әрине, біз алдымен жолаушылардың мүддесін қорғаймыз. Пхукетке ұша алмай қалған SCAT жолаушыларының мән-жайын тексерейік. Ол бойынша тапсырма беремін. Кейде рейстер техникалық немесе қауіпсіздік себебімен кешігіп жатады. Бұл жерде әуекомпания ештеңе істей алмайды», - дейді ол.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде бір топ турист Таиландқа өз уақытында ұша алмай қалғаны жазылды. Рейс бірнеше рет шегерілген. Дегенмен, рейс ақыры орындалған. Бірақ олардың жүгі екі күннен кейін келген. Кейбірінің чемоданы әлі де Астанада қалып отыр.

SCAT әуе компаниясынан ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткендей, бұл ақпарат – жалған.

«Мәлімет шындыққа жанаспайды. Туристердің барлығы ұшып кетті, олардың жүгі де жеткізілді», - деді компаниядан.


Соңғы жаңалықтар