Таиланд компаниялары Алматыға инвестиция бөлуге дайын

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастаған қазақстандық делегация Таиланд корольдігінде болды.

Сапар барысында қазақстандық делегация Таиланд бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен, туризм және спорт министрі К.Ваттанаврангкулмен, Бангкок губернаторы С.Парибатрамен, ЭСКАТО-ның атқарушы директоры Ш.Ахтармен кездесті.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Қалалардың ашықтығын, қауіпсіздігін, өмірге деген тұрақтылығын, экологиясын жақсартуды қамтамасыз ету: өңірлік әлеуеттер мен мүмкіндіктер» атты Азия-Тынық мұхит Форумының сессиясына қатысты.

«Қазақстан және Таиланд: инновациялар, инвестициялар,серіктестік» деген тақырыпта өткен бизнес-форумда Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда- инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі векторлары, Алматыға Таиланд капиталын инвестициялау мәселелері талқыланды.

Бизнес-форумның қорытындысы бойынша екі елдің іскер адамдары келесі кездесуді Қазақстанда өткізіп, екі жаққа да пайдалы серіктестікке қатысты құжаттарға қол қоюға келісті.

Алматы қаласының әкімі Туризм және спорт министрімен кездесу кезінде мегаполистің туристік және экономикалық потенциалы туралы айтып берді. Өз кезегінде К.Ваттанаврангкул Таиланд Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және екі ел арасында туристер санын арттыруға ниетті екендігін айтты.

«Біз Таиланд туристері үшін Қазақстанның есігін ашқымыз келеді. Сондықтан визалық процедураларды азайтып, топтық туристік визаларды беру мәселесін қарастырамыз. Туризм бизнесті дамытып, инвестиция тартуға жол ашады», - деді К.Ваттанаврангкул.

Бангкок губернаторы С.Парибатра  Бангкок пен Алматы мегаполистердің бәсекеге лайық мүмкіндіктерін ескере отырып, ұлттық өндірістік-бөлу жүйелері арқылы қала экономикасын интеграциялауды дамудың басты факторы деп санайтындығын жеткізді. Екі қала арасындағы экономикалық байланысты одан әрі кеңейту мақсатында тараптар Бангкок пен Алматыны бауырлас қалаға айналдыруға келісті.

Ал ЭСКАТО-ның атқарушы директоры Ш.Ахтармен кездесуде Бауыржан Байбек Алматы әкімдігі мен ЭСКАТО Хатшылығының «Алматы-2020» Бағдарламасын жүзеге асырудағы өзара ынтымақтастығын талқылады.

«Алматының даму Бағдарламасы - 2020» алғаш рет азаматтық қоғамның және негізгі ұт өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқыланып, адамдарға барынша жайлы, қауіпсіз қала құруға бағытталған. Аталған бағдарламаның механизмдері мен индикаторлары ЭСКАТО-ның Оңтүстік-Шығыс-Азия қалалары бойынша жыл сайынғы есебінің арнайы бөлімі мен БҰҰ Хабитатына қала аумағын дамытудың ең үздік көрінісі ретінде енетін болады», - деді Ш.Ахтар ханым.

Соңғы жаңалықтар