Таиланд Астанада өтетін АӨСШК VI Саммитіне қатысуды жоспарлап отыр - ҚР СІМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Таиланд Астанада өтетін Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6-шы Саммитіне қатысуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Таиланд Премьер-министрі Прают Чан-о-чаның Бангкокте Қазақстан Елшісі Арман Исетовті қабылдауында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Премьер-министр дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығымен құттықтап, Қазақстан мен Таиланд арасындағы сенімді әріптестік байланыстарды атап өтті.

Генерал Прают Чан-оча елдеріміздің өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұстанымдарының ұқсастығын айтты. Осы үдерістегі Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) жоғары рөлін ескере отырып, Таиланд Астанадағы АӨСШК 6-шы Саммитіне қатысуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, тай үкіметінің басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту қажеттігі туралы айтты. Кейінгі бірнеше жылда өзара тауар айналымы дәйекті түрде өсіп, одан әрі ынтымақтастық әлеуетін сақтап келеді. Логистикалық қашықтықты ескере отырып, Прают Чан-оча тауарларды жеткізудің балама жолдарын іздеу қажеттілігіне назар аударды. Бұл ретте тай компанияларының Қазақстанда бизнес жобаларды іске асыруға мүдделілігі аталып өтті.

Бұған қоса, тараптар жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өсіп келе жатқан проблемаға ортақ алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты Елші Қазақстанның бидайды ірі өндірушілердің бірі ретінде әлемнің мұқтаж елдеріне астық өнімдерін жеткізу әлеуетіне тоқталды.

Сондай-ақ, тараптар туризмді өзара дамыту мәселесін талқылады. Қазақстандық дипломат туристер ағымын арттыратын екі ел арасындағы тұрақты рейстер санының артуы туралы хабарлады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты барлық деңгейде жалғастыруға келісті.


Айта кетсек, 12-13 қазанда Қазақстан елордасында АӨСШК VI Саммиті өтіп, онда 27 мүше елдің мемлекет және үкімет басшылары Кеңесті толыққанды халықаралық аймақтық ұйымға айналдыру қадамдарын іске қосады.


Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі






Соңғы жаңалықтар