Тағы да сенсация: Марокко құрамасы Бельгиядан басым түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының F тобында сенсация тіркеліп, Марокко құрамасы Бельгиядан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің алдыңғы қатарлы құрамасының бірі саналатын Бельгия доп додасында әзірге әдемі ойын өрнегімен көзге түсе алмай келеді. Алғашқы турда Канаданы 1:0 есебімен жеңген олар екінші турда жанкүйерлерді жігерлі қимылмен желпіндіреміз деген ниет танытқан еді.

Бірінші ойынында Хорватиямен 0:0 есебімен тең түскен марокколық футболшылар азулы қарсыласына тегеурінді қарсылық көрсетті. Ойынның бірінші кезеңінде ойын алма-кезек шабуылмен өрбіп жатты. Кез келген сәтте таблодағы есепке өзгеріс енуі мүмкін болатын. Тіпті, 45+3 минутта Хаким Зиеш тепкен доп қақпа торында тулап жатты. Төрешілер марокколық футболшылар ойыннан тыс қалды деген себеппен оны жаратпай тастады.

Екінші кезеңде бельгиялық футболшылар белсенді қимылымен көзге түсті. Дегенмен, діттеген мақсатына жете алмай жатты. Олардың қатарынан Эден Азар тепкен допты марокколық қақпашы Мунир сыртқа шығарып үлгерді.

Одан кейінгі уақытта Африка құрлығының өкілдері де қарсы шабуылға шықты. Осындай сәттердің бірінде айып добын орындаған Абдельхамид Сабири бельгиялық қақпашының осал тұсын тауып кетті. Ал, 92-минутта Закария Абухляль гол соғып, қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша, әлем чемпионатында тағы бір мәрте сенсация тіркелді. Марокко құрамасы Бельгиядан 2:0 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, бүгін Е тобында Коста-Рика Жапониядан басым түсті.

Сондай-ақ, бүгін аталған топтағы Испания мен Германия кездесуі елорда уақытымен 1:00-де, ал F тобындағы Хорватия мен Канада ойыны 22:00-де «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Фото: STU FORSTER/GETTY IMAGES

Соңғы жаңалықтар