Тағы бір қазақстандық фильм Берлин кинофестивалінің конкурс бағдарламасына енді
2022 жылғы 19 қаңтар 12:53

Тағы бір қазақстандық фильм Берлин кинофестивалінің конкурс бағдарламасына енді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Фархат Шәріповтың «Схема» фильмі халықаралық Берлин кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау орталығы қолдауымен Medeor компаниясы түсірген «Схема» көркем фильмі Германияда ақпанның 10-ы мен 20-сы аралығында аралас форматта өтетін 72-ші халықаралық Берлин кинофестивалінің Generation конкурстық бағдарламасына ілінді.

Бұл туралы фильмнің креативті продюсер Юлия Ким өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Күрделі тақырыпта түсірілген кинотуындының желісі кастингке келген жасөспірімдердің жеке оқиғаларына негізделген.

Режиссер Фархат Шарипов өз фильмдерінде ақиқатты ашып көрсетуге әрдайым талпынатынын айта кету керек.

2020 жылы күз айында қолға алынған кинотуындының түсіру жұмыстары негізінен Алматыда өтті.

Басты рөлдерді Виктория Романова және Таир Свинцов есімді жас актерлер сомдады. Бұл олардың алғашқы рөлі екенін айта кеткен жөн.

Фильмнің қоюшы операторы Александр Плотников, ал қоюшы суретшісі – Алексей Шиндин. Кинокартинаның продюсері - Дина Жұмабек.

Generation – Берлин кинофестивалінің балалар мен жасөспірімдер тақырыбында түсірілген фильмдерге арналған конкурстық бағдарламасы.

Бүгінде қазақстандық фильмнен басқа бұл байқауда Жапония, Германия, Ресей, АҚШ, Чили және Румыния елдері түсірген фильмдер де бар.

72-ші халықаралық Берлин кинофестивалінің жеңімпаздары 16 ақпанда жарияланады.

Еске сала кетейік, мұның алдында режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі Берлин кинофестивалінің беделді бағдарламасына қатысатынын жазған едік.

Jańalyqtar

MURAǴAT