Тағдыр тәлкегіне төтеп берген: Мүмкіндігі шектеулі қария қол күрестен әлемдік жарыстардың жүлдегері

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында тұратын Әлимұхан Танекенов - жалғанның сынағына сағын сындырмаған қайсар жан. Жалындап тұрған жас шағында бұзақылар пышақ салғаннан бері оның жарты денесі сал болып қалған. Бірақ жұбайы Жаңылтай Танекенованың демеуімен сабыр таяғына таянып, бар қиыншылықты көтере білді. Қазір мүмкіндігі шектеулі азамат қол күрестен өңір бойынша 7 дүркін топ жарып, Азия чемпионатынан 3 мәрте жүлдемен оралған. Бүгінгі мақаламыз биыл 72-ге келген осы параспортшы жайлы болмақ.

Жастайынан спортқа жақын болды

Жарма ауданы Ақжал ауылында дүние есігін ашқан Әлимұхан Танекенов ата-анасының жар дегенде жалғыз перзенті болды. Әкесі шахтер еді. Баласына жастайынан «білімге ден қой. Келешекте кім болатыныңды ойла. Сені қалаған мамандығыңа оқуға түсіремін» дейтін.

«Спортқа жақын боп өстім. 13 жасымнан зілтемір көтеретінмін. Бозбала кезімде қызық көріп еркін күреске жазылғаным бар. Бірде аудандық жарыс болатындығын естідім. Жаттықтырушы енді ғана-ақ қатысып жүрген мені тәжірибесі мол біреумен шығарды. Оны ойламаған жерден оп-оңай жеңіп кеттім. Бәрі таңқалды. Содан біздің ауылдың атынан сайысқа барайын деп жатқан жігітпен күресетін болдық. Әдіс-тәсілдерді толық меңгермесем де қара күшке салып, оны да құлаттым. Мұны көрген жаттықтырушы жарысқа мені апарамын деп шешті», - деп еске алды ол.


Онда да 16 жастағы Әлимұхан бозкілемде қарсылас шақ келтірмеген. Сөйтіп, облыстық додада ауданның намысын қорғауға аттанады.

«Өңір бойынша да жеңімпаз атандым. Келесі меже – республика еді. Алайда онда 4-ші орын алып, жүлдеге сәл жетпей қалды», - дейді спортшы.

Мектеп бітірген соң ол әскерге кетті. Ресейдің Тюмень қаласында 2 жыл болып, туған жерге оралған. Келген бойда әкесі «Қай саланы таңдайтыныңды шештің бе?» деп сұрапты. Нақты таңдау жасамағанын естігенде «Онда судья боласың. Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне (Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) «Заң» факультетіне оқуға түс» деп жол сілтеген.


Осылайша, қылыштай қылшылдап тұрған 21 жасында ару қала Алматыға келді. Жарқын күндері, шуақты сәттері алда деп ойлады. Бірақ сол бір оқиға бәрін шыр айналдырды… Көшеде соқтыққан 4 бұзақы тамағына пышақ сұққан. Өзі аман қалғанмен, жүйке жүйесіне зақым келіп, жарты денесі сал болып қалды.

«Отадан кейін ауылда жаттым. Басында мүлде сөйлей алмай қалдым. Күшім бойыма сыймай жүргені кеше ғана-ақ еді, кенеттен бір қол, бір аяғы істемейтін осындай хәлге түсемін деп кім ойлаған?! Бұрын қасымнан айналшықтап шықпайтын көп достың ішінен бірлі-жарымы ғана қалды. Сол кезде Жаңылтай жаралы жаныма медеу болды», - дейді Әлимұхан Танекенов.


«Ол менің бала махаббатым»

Құдай қосқан қосағы Жаңылтай екеуі бір сыныпта оқыған. Мектеп бітірген ол Семейде есепшінің оқуын тәмәмдап, Өскемендегі қонақүйге жұмысқа тұрған.

«Әлимұхан менің бала махаббатым еді. Осындай жағдай болғанда қалада жұмыс істеп жүргенмін. Мейрамдардың бірінде демалыс алып, ауылға келгенде естідім. Оны көргенде көздегі жасты тыя алмадым… Қолымнан келгенше күтіп, анасына қолғабыс болуға тырыстым. 3 жылдан кейін ол ақырындап сөйлей бастады», - дейді Жаңылтай Танекенова.

1974 жылы екеуі үйленіп, қалған ғұмырларын бірге өткізуге серттеседі. Бұл кезде Әлимұхан 24 жаста.

«Үйде бос жатқан деген нағыз азап екен. Бірде өзім жақсы сыйлайтын ағаларымның бірі «Сені бір жерге күзетші қылып орналастырсақ қайтеді?» деді. Қуана-қуана келістім. Сөйтіп, 25 жыл күзетші болдым. Бір күн істеп, үш күн демалып отырдым. Ал жұбайым ауылдағы поштада жұмыс істеді», - дейді кейіпкеріміз.


Ерлі-зайыпты 4 қыз тәрбиелеп өсірді. 1975 жылғы Еркежан анасы секілді есепші мамандығын таңдаған. Ал 1977 жылғы Балжан мен 1980 жылғы Альмира балабақшада тәрбиеші. 1986 жылы туған кенжелері Тоғжан әскери салада тер төгіп жүр. Барлығы да қияға қонып, бір шаңырақтың түтінін түтетіп, берекесін келтіріп отыр.

«Барлығы 8 жиеніміз бар. Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіне көшіп келгенімізге 20 жылдан асты. Кенжеміздің қолында тұрып жатырмыз», - дейді Жаңылтай Танекенова.

Гірді 150 рет көтерді

Енді Әлимұхан Танекеновтың спортқа қалай қайта оралғанын баяндайық. Жыл сайын әз-Наурызда кенттің орталық алаңында өтетін спорттық сайыстарға қатысуды әдетке айналдырды. Оң қолы істемесе де, сол қолы аман ғой. Бір қолымен гір көтеріп, сайысқа түсті.

«Үйде дайындалғанның нәтижесінде 16 келі гірді 150 рет көтеріп, жеңімпаз атандым. Жап-жас жігіттер де жете алмады. Содан бері аудан халқы арасында таныла бастадым. 2015 жылы жергілікті мүгедектер қауымдастығының басшысы хабарласып, параспортты дамытқылары келетіндігін айтты. Сөйтіп, қол күреспен шұғылданып, облыстық жарысқа ауданның атынан қатысатын болдым», - дейді ол.


Облыста алдына жан салмаған параспортшы Азия чемпионатына баруға бел шешеді. Осы мақсатпен 2016 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласына табан тіреген.

«Өкінішке қарай, демеуші табылмады. «Көп түкірсе – көл» дегендей, аудан халқы жан-жақтан жинастырған қаражатқа өзімнің азын-аулақ ақшамды қосып, жолға шықтым. Чемпионатқа Азияның түкпір-түкпірінен 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Мен секілді бір қолы істемейтіндер аз. Көбісінің аяғы жоқ немесе көзі көрмегенмен екі қолы балғадай. Ал бір қолсыз күрескеннің қиыны – өзгелер секілді екінші қолыңмен темірді ұстап итеріле алмайсың. Бірақ сонда да шамамыз келгенше беріспедік. Тағы бір ауырлығы – біреуді жеңсең, 1 минуттың ішінде келесі қарсыласпен шығасың. Демалуға уақыт бермейді», - дейді Әлимұхан Танекенов.

4 адамды жеңген соң финалға жолдама алған. Ондағы қарсыласы – 30-35 жас шамасындағы Тәжікстан азаматы. Оның екі қол сау, бір аяғы жоқ екен.


«Ұтылып қалып, екінші орын алдым. Десе де бұның өзі мен үшін үлкен жетістік, зор мәртебе. 7 мәрте Шығыс Қазақстан облысының чемпионы болдым. Ал республика бойынша 2017 жылы Алматы қаласында 3 орын, 2018 жылы Көкшетауда 3 орын, 2022 жылы Талдықорғанда 2 орын иелендім. 2019 жылы Қырғызстандағы Азия чемпионатында бақ сынап, үздік үштіктің қатарында көріндім. Биыл Ташкентте өткен додада тағы да үшінші орын бұйырды. Осы соңғы жарысқа барарда аудандағы кәсіпкер қаржылай қолдау көрсетті», - дейді қайсар жан.

Күн сайын ол 2 сағатын дайындыққа арнайды. Орындыққа отырып гір көтеріп, эспандерды қысып, ұзын резеңкені бір жаққа байлап, екінші жаққа тартады. Жарысқа барар алдында дайындықты екі есе күшейтеді. 2019 жылы оған пара қол күрестен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілген.

«Бір жарыстан орын алып үйге келгенде медальды анамның мойнына ілетінмін. Ол осыдан екі жыл бұрын 96 жасында дүниеден қайтты. Қазір медальдарымды бірінші жиенім Алдиярдың қолына ұстатамын. Биыл бірінші сыныпқа барған балапанымыз әр келген сайын алдымнан жүгіріп шығып, аяғыма жармасады. Бұдан асқан бақыт бар ма?», - дейді Әлимұхан Танекенов.


Соңғы жаңалықтар