Тағам дайындауда қатаң талап сақталуы тиіс – қызылордалық маман

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазір елдің арасында түрлі жиын-тойлар көбейді. Онда түрлі тағамның сақталу жағдайы қалай? Кейде көпшілік арасында тамақ өнімдерінен уланып қалу жағдайы тіркеледі. Бұл оқиға адам денсаулығына зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан әрбір тағамды жеуден бұрын қандай қауіпсіздік шараларына назар аударылуы тиіс? Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тағам нысандарын бақылау мен қадағалау бөлімінің басшысы Меруерт Битасова ҚазАқпарат тілшісіне бұл жөнінде ескерілуі қажет сақтық шаралары жөнінде әңгімелеп берді.

- Жылдың жылы мезгілінде немесе жаз айларында тұрғындар арасында тамақтан улану жағдайы тіркеліп жатады. Мұндай олқылыққа жол берілмес үшін азаматтар қандай талаптарға мән бергені жөн?

- Рас, кейбір жағдайда тамақтан улану адам денсаулығына зақым келтіруі әбден мүмкін. Айта кетсек, ауру тасымалдағыш микроағзалар азық-түлік арқылы тез таралады. Сондықтан мейрамхана, кафе, асхананың кез келген қызметкері келушілерге зиян тигізбес үшін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды толық орындауы тиіс.

Тағамнан уланудың топтық жағдайы негізінен тамақ дайындау технологиялық процесінің бұзылуынан туындайды. Ол тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы міндетті талаптардың сақталмауы салдарынан болады.Мұндай жағдайдың қауп ін болдырмау және қауіп дәрежесін азайту үшін қарапайым, тиімді ережелерді сақтауды ұсынамыз.

- Мәселен, қандай ережелерге назар аударылуы тиіс?

- Атап айтқанда, тағам сатып аларда қаптаманың тұтастығына, өндіру мерзіміне, жарамдылық және сақтау мерзіміне көңіл бөлген артық емес. Оны қаптамада көрсетілген өндіруші ұсынған мерзімге дейін сақтаңыз. Сондай-ақ, тағамды тек жаңа өнімдерден дайындаған дұрыс. Ал салатқа арналған көкөністерді кешкісін дайындап, салқындатып, тоңазытқышта сақтаңыз. Оны түрлі жиын немесе ауызашар басталуына 2 сағат қалғанда турап, ұсынар алдында барынша өсімдік майымен араластырған жөн болады.

Кондитерлік өнімдерді, кремді торттарды бөлмеге алдын ала қоюға болмайды. Оны сақтау барысында температуралық режимді сақталуы тиіс. Дастарқаннан кейін тез бұзылатын тағам қалдықтарын тастап және жаңадан дайындағанға мән берген абзал. Тағам дайындау барысында температуралық режимді сақтап, жеміс-жидектерді мұқият жуған жөн. Оған қоса тағам дайындау барысында жеке бас гигиенасын сақтау – басты талаптың бірі.

- Айта кетсек, кей жағдайда тұрғындар үй жағдайында дайындалған косервіленген көкөністерді пайдаланып жатады. Оларды пайдаланар алдында қандай талаптар бар?

- Әрбір жағдайға баса назар аударылуы тиіс. Үй жағдайында дайындалған консервіленген көкөністерге ерекше назар аудару қажет. Сапасыз жасалған консервілерде ауру қоздырғыштарының өмір сүруі үшін қолайлы микробтар улы токсиндер бөледі. Бұл токсиндер ағзаға енген жағдайда ботулизм ауруы туындайды. Оны асқынуы өлімге әкелуі мүмкін. Консерві қақпағының бүлінгені байқалса немесе өнімнің сапасына қандай да бір күдік туындаса өнімді қолданудан бас тартыңыз. Ал көшеде кездейсоқ рұқсат етілмеген жерден үйде дайындалған консервілерді, сондай-ақ үйде дайындалған ет және балық өнімдерін сатып алғанда оның сапасына мән берген жөн.

Тағы бір ескерерлік талап - респираторлық және асқазан-ішек ауруларының белгілері бар науқастардың тамақ дайындауына жол бермеу. Оған қоса үйде жеке гигиена ережелерін және ыстық, суық тағамдарды дайындау технологиясын сақтау, шикі және дайын өнімдерді өңдеу үшін жеке пышақтар мен кесу тақталарын пайдалану, көкөніс, жеміс-жидектерді ағынды сумен мұқият жуу өте маңызды. Сондай-ақ, салат, тартылған ет өнімдерін аз мөлшерде дайындап, бір күннен артық және піскен және шикі тамақтарды бірге сақтамау қажет. Оған қоса тағамдарды, әсіресе ет, құс еті, жұмыртқа және теңіз өнімдерін мұқият термиялық өңдеуден өткізу, тортты тоңазытқышта сақтау, қоғамдық тамақтану орындары қызметкерлері уақытылы медициналық бақылаудан өтіп отыруын қамтамасыз ету қажет.

- Осы орайда Қызылорда облысында қандай жұмыстар жүргізілді?

- Айта кетсек, облыста тағам нысандарының саны жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда 2021 жылы олардың саны 1901 нысан болса, 2022 жылы 2141 нысанды құрады. Оның ішінде 122-сі тағам өнімдерін өндірумен айналысады. Мәселен, 4-і сүт, 11-і ет, 14-і балық , 49-ы наубайхана, 11-і астық өңдеу кәсіпорындары, 2-і мұздатылған жартылай фабрикаттар кәсіпорындары, 9-ы кондитерлік кәсіпорындар, 11-і алкогольсіз сусындар өндіретін өнеркәсіп, 1-і май (майонез) өндіру кәсіпорны, 10-ы және өзге де нысандар болып табылады. Ал қоғамдық тамақтану орындары - 506, сауда кәсіпорындары - 1494, азық-түлік базарлары - 15 және 4 өзге де тамақтану объектіcі бар.

Былтыр ерекше тәртіп бойынша 223, жоспардан тыс 33 тексеру жүргізілді. Санитариялық қағида талаптарына сәйкес тексеру барысында барлық тамақтану объектілеріне зертханалық-аспаптық құралдар қолданыла отырып, жарыққа, микроклиматқа, шуға, дірілге өлшемдер жүргізіліп, бактериологиялық көрсеткіштер бойынша тексерілді.

Тексерулер қорытындысы бойынша 61 нысан санитариялық талаптарға сәйкес келмеді. Анықталған кемшіліктер бойынша 67 хаттама толтырылып, 10 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Жүргізілген тексерулер қорытындысымен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы анықталған кемшіліктерді болдырмау және оларды жою негізінде 26 санитариялық ұйғарым берілді.

- Әңгімеңізге рақмет.


Соңғы жаңалықтар