Таеквондодан әлем чемпионаты: Жансель Дениз жүлдесіз қалды

None
БАКУ. ҚазАқпарат – Әзербайжан астанасы Бакуде таеквондодан әлем чемпионатының екінші жарыс күні аяқталды. Жарыс жолына Ұлттық құрама сапынан Самирхон Абабакиров, Нұрай Құсайынова мен Жансель Дениз шығып, ешқайсы жүлдеге қол жеткізе алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тәжірибелі таеквондошы Жансель Дениз Грекия құрамасының 73 кг салмақтағы көшбасшы Анастасия Делидимитрис пен испаниялық Белен Моран Ромероны таза ұтып, ширек финалға шыққан. ¼ кезеңде ол Полина Ханнан (Ресей) жеңіліп, жүлдеге бір табан жетпей тоқтады.

Ал 58 кг санатындағы Самирхон Абабакиров алжирлік Саиф Меджахед пен америкалық Уильям Каннингемнен үстем түсті. Өкінішке қарай, қазақстандық спортшы 3-айналымда осы салмақтағы әлем рейтингінің көшбасшысы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, тунистік Мұхаммед Халил Жендубиді жеңе алмады.

67 кг дәрежесіндегі Нұрай Құсайынова португалиялық Мафальда Коельо мен чехиялық Ивета Жиранкованы жеңіп, бәсекені сенімді бастады. Алайда, ширек финалда 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жастар арасындағы әлем чемпионы, франциялық Магда Виет-Энен айласын асыра алмады.

Ертең жарыс жолына Нұрлан Мырзабаев (80 кг), Смайыл Дүйсебай (87 кг) мен Ботакөз Қапанова (49) шығады.

Жалпы биылғы додаға 145 елден 1 мыңға тарта таеквондошы жиналды. Бакуде өтіп жатқан биылғы әлем чемпионаты Халықаралық таеквондо федерацясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Алдағы аптада мұнда Париж Олимпиадасына қажет ұпайлар сарапқа салынады. Бұл спортта рейтингі ең жоғары бәсеке – Олимпия ойындары (G20). Одан кейін әлем чемпионаты (G14), Гран-придің финалы (G10) мен Гран-при санатындағы жарыстар (G6) тұр. Әлем чемпионы 140 балл алса, күміс жүлде үшін – 84, қолаға 50 ұпай беріледі.


Соңғы жаңалықтар