Таеквондо: Қайрат Сарымсақов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның Манчестер қаласында таеквондодан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Қайрат Сарымсақов қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық олимпиада комитетінен түскен мәліметке қарағанда, жарыстың үшінші күні Қазақстан құрамасының капитаны 74 кг салмақта жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Біріншілікті қарқынды бастаған Қайрат әуелі косоволық спортшыны 14:5 есебімен ұтты. Содан кейін жапониялық қарсыласын 5:3 есебімен тізе бүктірді. Үшінші кездесуінде португалиялықты 10:7 есебімен жеңді.

Ширек финалда Қ.Сарымсақов аустралиялық таеквондошыдан 12:7 есебімен айласын асырды. Тек жартылай финалда ғана иорданиялық, Рио Олимпиадасының чемпионы Ахмад Абугауштан 3:7 есебімен ұтылып қалды.

Осылайша Қ.Сарымсақов Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені салды. 57 кг салмақта сынға түскен Ботагөз Қапанова бірінші жекпе-жегінде марокколыққа есе жіберді.

Қайрат 2017 жылы Оңтүстік Кореяда өткен әлем біріншілігінде де қола жүлдегер атанған болатын.

Таеквондо олимпиадалық спорт түрі болғандықтан, әлемдік додаларда сәтті өнер көрсетудің маңызы зор.

Соңғы жаңалықтар