Табысы мен мүлкін жасырған мемлекеттік қызметшілер жазалана ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 570 мыңнан астам мемлекеттік қызметші өз кірісі мен жеке мүлкі туралы есеп берді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінде мемлекеттік қызметкерлер алғаш болды. Олар өткен жыл бойынша есеп берді. Мемлекеттік қызметкерлерден 570 мыңнан астам декларация келіп түсті. Арасында декларацияны ұсынбау фактілері де тіркелді», - деді Данияр Жанәлінов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 39 мың мемлекеттік қызметкер кіріс пен жеке мүлік туралы декларацияны тапсырмаған.

«Барлығына хабарлама жолданды. Нәтижесінде 10 мыңнан астам адам декларация тапсырды. Қалған 29 мың декларация бойынша мән-жай анықталып жатыр. Декларацияны уақытылы ұсынбаудың белгілі себебі болса, ашық айтуына болады. Тағы бір жайт, ол адам мемлекеттік қызметтен кетіп қалған болуы да мүмкін. Яғни біздің базада ол мемлекеттік қызметкер ретінде тіркелген, ал іс жүзінде жұмыстан шығып кеткен. Жалпы, аталған мәселе бақылауда. Бұл жерде мемлекеттік қызметшіге айыппұл салынбайды, тек әкімшілік ескерту жасалады. Бірақ мемлекеттік қызметші ескертуге құлақ аспаса 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Декларацияны ұсынбаған жағдайда жазаның барын ұмытпаған жөн.», - дейді ол.

Еске салсақ, биылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілгендер жеке табысы мен мүлкі бойынша бірнеше декларация тапсырады.

Фото: ortcom.kz


Соңғы жаңалықтар