Табысы аз отбасылардың балалары кепілдік берілген әлеуметтік топтамалар ала бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірқатар қалаларында табысы аз отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтамалар беру басталды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім болды, жед хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азық-түлік жиынтықтары бар қораптарды жеткізуді бірінші болып бастағандар – Қарағанды облысының Приозерск қаласы, Бұқар жырау ауданы, Атырау облысының Исатай, Мақат аудандары және Батыс Қазақстан облысының Бөрлі, Қазталов аудандары. Үш аймақта топтаманы жалпы саны 324 отбасынан 420 бала алды», - делінген министрлік хабарламасында.

Ақпан айының соңына дейін атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алатын табысы аз отбасылардағы 1-ден 6 жасқа дейінгі 64 мың бала кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға ие болады деп жоспарлануда.

АӘК алушылардың саны ай сайын өзгеретінін ескере отырып, кепілдендірілген әлеуметтік пакет алушылар саны да сәйкесінше өзгеріп отырады, сондықтан ақпан айының азық-түлік топтамалары наурыз айында беріледі.

«Айта кетейік, азық-түлік жиынтығы балалардың жас санатына байланысты құрамы бойынша ерекшеленеді: 1-ден 3 жасқа дейін және 3-тен 6 жасқа дейін: Бірақ әлеуметтік пакеттің құрамы аймаққа қарамастан бірдей болады. Жинақтардың құрамы физиологиялық ерекшеліктерді, азық-түліктің тағамдық және энергетикалық құндылығының арақатынасын және жасына сәйкес оларды пайдалану нормаларын ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдары негізінде қалыптастырылды. Жинақтар әртүрлі жармаларды, пюрені, шырынды, сүтті және басқа да өнімді қамтиды. Өнімдер витаминделген, бұл өсіп келе жатқан ағзадағы витаминдердің жетіспеушілігін толықтыруға мүмкіндік береді», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Бұдан басқа, тоқсанына бір рет табысы аз отбасыдағы әрбір балаға (1 жастан 6 жасқа дейін) гигиеналық құралдар жиынтығы беріледі.

Әр өңір әлеуметтік пакеттер беру жөніндегі жұмысты алушыға жеткізу жолымен немесе беру пункттері арқылы ұйымдастырады.

6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімін беру көзделеді. Сондай-ақ, осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Бұл мәселелерді ҚР Білім және ғылым министрлігі үйлестіреді.

Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін болады. Табысы аз отбасылардың балаларын әлеуметтік қолдаудың бұл бағыты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына жатады.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша АӘК тағайындау механизмі оның айқындылығын, әділдігін және еңбекке деген ынтаны қамтамасыз ету мақсатында түзетілді. Мемлекеттік көмектің жаңа шаралары 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кешенді түрде іске асырылады және мыналарды қамтиды: 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы; жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, табысы аз отбасылардың балаларына арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтама.


Соңғы жаңалықтар