Табыстың өсуі экспортталатын шикізатқа байланысты – ҰБ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сауда балансының профициті 9,9 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3 млрд АҚШ долларына өсті. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Ұлттық банкі 2022 жылдың бірінші тоқсан қорытындысы бойынша төлем балансының алдын ала бағалауын қалыптастырды.

2022 жылдың бірінші тоқсанында ағымдағы шот 2,2 млрд АҚШ доллары мөлшерінде профицитпен қалыптасты (2021 жылдың 1-тоқсанында ағымдағы шоттың дефициті 1,6 млрд АҚШ долларын құрады).

Ағымдағы шоттың теріс сальдосының оң аймаққа ауысуы сауда балансы жағдайының жақсаруымен байланысты.

«Сауда балансының профициті 9,9 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3 млрд АҚШ долларына өсті. Профициттің өсуі тауарлар экспортының импорттан асып түсетін өсу қарқынымен қамтамасыз етіледі.

Төлем балансы (ТБ) әдістемесі бойынша тауарлар экспорты 7,6 млрд АҚШ долларына (+66,4%) өсіп, 19,1 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорттың артуы ең алдымен мұнай мен газ конденсатының әлемдік бағасының өсуіне байланысты. Төлем балансының әдістемесі бойынша тауарлар импорты 1,3 млрд АҚШ долларына (+17,0%) өсіп, 9,1 млрд АҚШ долларын құрады.

Тікелей шетелдік инвесторлардың кірісі 2,5 млрд АҚШ долларына (+53,3%) өсіп, 7,0 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте капиталға қатысудан түскен кіріс 1,7 есе өсіп, 6,4 млрд АҚШ долларын құрады. Табыстың өсуі экспортталатын шикізатқа әлемдік бағаның өсуімен де байланысты», - делінген хабарламада.



Соңғы жаңалықтар