Табынның тұқымдық құрамын жақсарту бағытында шаралар алынуда - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қолдан ұрықтандыру жолымен табынның тұқымдық құрамын жақсарту бағытында шаралар алынуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, өңірде асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысатын 59 жасақтаушы шаруашылық болса, бұларда 18798 бас мал бағылуда. Соның ішінде 55 шаруашылық етті бағыттағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Өткен жылы мұндай шаруашылықтар асыл тұқымды 4010 жас малды сатты.

Бұл бағыттағы маңдайалды шаруашылықтың бірі - Зеленов ауданы Махамбет ауылдық округіндегі «Шоңайбеков» шаруа қожалығы. 2003 жылдан асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін иеленген «Шоңайбеков» ШҚ - қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсірушілер республикалық палатасының мүшесі. Мұнда 1497 бас ірі қара болса, соның 551-і асыл тұқымды, мұның 505-і - аналық мал.

Шаруа қожалығының басшысы Сергей Шоңайбековтің айтуынша, соңғы кезде Орынбор қаласындағы белгілі ғалым Владимир Сорокин бастаған «Инновациялық ветеринария» ғылыми-өндірістік орталығы мамандарының көмегімен табынның тұқымдық құрамын түлету жобасы жүзеге асырылуда. Мұның мәнісі мынада. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы 1 маусымға дейін шаруашылықта 15 айлық өндіргіш бұқашықтарды өсіруді көздейтін арнайы бағдарлама жасақтады. Соған байланысты демеуқаржы да төленбек. Осы орайда орынборлық ғалымдар 220 бас аналық малмен жұмыстанып, одан 150 бұзауды алып, 1 маусымға, яғни шағылыс науқанына дейін жаратып шығармақшы. В.Сорокиннің ғылыми-өндірістік орталығы қолдан ұрықтандыру үшін малдарды толық тексеруден өткізеді. Арнайы аппарат арқылы ауруы болса, анықтап, оны емдейді, ұрықтандыруға дайындайды. Одан кейін де бақылауда болады.

Айта кетейік, «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында өңірге асыл тұқымды мал кіргізіліп, асылдандыру бағытында демеуқаржылар берілуде. Басқа елдерден, облыстардан асыл тұқымды бұқа сатып алынуда. Күні бүгінге дейін шетелден 2700 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. Сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылықтардағы ірі қара табынына асыл тұқымды өндіргіш бұқаларды қосу арқылы олардың тұқымдық құрамы жақсаруда. Айталық, 2014 жылы 272 асыл тұқымды бұқа қосылып, 7597 бас аналық қамтылды. Сондай-ақ жекедегі 37650 бас сиыр мен қашар қолдан ұрықтандырылса, бұл жұмыс биыл да жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар