Табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 32,5 млрд теңге қажет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 32,5 млрд теңге қажет. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл республикалық бюджеттен бөлінетін 254,6 млн теңгеге Қызылорда облысының мемлекеттік орман қорын зиянкестерге қарсы өңдеу жоспарланған. Өйткені, тек осы өңірде ғана зиянкестер зақымдаған аумақ 1 мың гектардан асып жығылады. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдар 169 мың гектар аумақты алып жатқан орманды зиянкестерден және аурулардан өңдеуді жергілікті бюджет есебінен жүзеге асыруды жоспарлап отыр», - деп атап өтеді Үкімет басшысының бірінші орынбасары жауабында.

Сонымен қатар, оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының Қостанай облысындағы табиғи өртті жою жөніндегі жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында республикалық табиғатты қорғау ұйымдарының және жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі кешенді іс-шаралар қабылданып жатыр.

«2027 жылға дейін ақша қаражатының қажеттілігі 32,5 млрд теңге болмақ. 2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғаныс саласындағы бірінші кезекті іс-шаралар кешенді жоспары аясында техникалар сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр», - деді Роман Скляр.


Соңғы жаңалықтар