Табиғатты бүлдірушілерге салынатын жаңа айыппұл көлемі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев табиғатқа келтірілген зардаптар бойынша жаза қалай қатаңдатылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, табиғатты қорғау саласындағы құқықбұзушылықтар бойынша айыппұл 10 АЕК-тен 20 АЕК-ке (1 АЕК – 2778 теңге) өседі. Яғни, екі есе. Орта бизнес субъектілеріне 30-75 АЕК-ке дейін, ірі бизнеске 500 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыс істеп жүрген мамандардың құзыры да артады», - деді Мағзұм Мырзағалиев Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.

Министрдің сөзінше, енді көпшілік тұтынатын қоғамдық орындарды былғау әрекеттеріне, қалалар мен елді мекендердегі жасыл желекке зиян келтіруге, су ресурстарын қорғау ережесін, ормандағы өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитарлық ережелерді бұзуға, орман фаунасын жойған немесе зиян келтіруге және орманға қоқыс, химиялық заттар тастауға, басқа да орман қорына келтірілген залалға қатысты айыппұлдар құны артпақ.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа зиянын тигізген заңбұзушыларға салынатын айыппұл құнын ұлғайтуды тапсырған болатын.

Өз кезегінде М.Мырзағалиев табиғатқа қатыгездік таныту фактілерімен күрестің екі шешімі туралы айтты. Оның бірі – экологиялық білім беру, екіншісі – айыппұл салу.

Сондай-ақ министр экологияға залал келтірілсе, табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндетті болатынын мәлім еткен еді. Оның сөзіне қарағанда, бұл принцип ластанудың алдын алуды және бақылау шараларын, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген залалды қалпына келтіру үшін жауапкершілікті күшейтеді.


Соңғы жаңалықтар