Табиғат қорғаушылары киікті сақтау үшін ауыл адамдарының көмегіне жүгінді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Бетпақдала, Орал, Үстірт популяциясында 100 мыңнан астам киік бар. Табиғат қорғаушылары саны күрт азайған киікті сақтап қалу үшін ауыл адамдарынан көмек сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге «Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы» бірлестігінің, «Қолдау Қазақстан» көпсалалық коммерциялық емес холдингінің өкілдері мен Германиядан табиғат пен биоалуантүрлілікті сақтау одағының сарапшылары келді. Олар Үстірт популяциясын сақтап қалу үшін ауыл тұрғындарымен кездесті. Енді броконьерлермен тек арнайы табиғатты қорғау полициясы емес, ауыл адамдары да айналысады. Тұрғындармен кездесу өткізген сарапшылар ұсыныстың қолдау тапқанын, алдағы жылдары киік санын көбейту үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырғанын хабарлады.

«Бетпақдалада 30 мың, Оралда 70-80 мың, ал Үстіртте 2 700 киік бар. Дүниежүзі бойынша киіктің 90 пайызы осы үш популяцияны мекендейді. Бір кездері Үстірт популяциясында киік көп шоғырланған еді. 2015 жылы 1 270, 2016 жылы 1 900 бас киік болды. Қазір 2 700 киік бар. Сондықтан осы жердегі жұмысты жандандырып, киікті сақтауға күш салуымыз керек»,- деді «Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы» бірлестігінің өкілі Айбат Мұзбай.

Қазақстандық табиғат қорғаушылар Тәжікстан, Қырғызстан даласында киік сақтау жұмысын жүргізген Германия сарапшыларының көмегіне жүгінді. NABU биоалуантүрлілікті сақтау одағының сарапшысы Штефан Михель аңшылармен, браконерьлермен кездесіп, популяция туралы айтып берген. Кездесуде адамдар заңсыз аңшылықты тоқтатуға, киікті атпауға, қорғауға келісті. Тіпті, бұл елдерде арнайы ұйым құрылып, жергілікті тұрғындар ауыл маңындағы киіктерді өздері қорғауға алған.  

«Орта Азияда ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп жүрміз. Қазақ жері өте қонақжай. Ауылдарға барып, адамдармен кездесу өткіздік. Бізді шайға, етке шақырды. Сол кезде біз адамдардың киікті сақтау туралы ойын білген болатынбыз. Олар киіктің күрт азайғанына алаңдап отыр. Бір кездері шоғырланып көшетін киіктер қазір жоқ, дала бос. Мұның бәрін терең ойлап, адамдар өздеріне жауапкершілік алды.  Қазақстандықтар да табиғатты қорғауға келісті»,- деді NABU халықаралық одағының жетекшісі Тильман Дитерих. Бұл бағыттағы жұмыс енді басталды. Халықаралық топ екі мультфильм түсіріп, бірнеше жадынамалар таратты.

Айта кетейік, шетелдік сарапшылардың жұмысына қолдау білдірген топтар бар. Бұл топ келер жылы Ақтөбенің Байғанин, Шалқар аудандарының ауылдарын түгел аралап шығып, киікті сақтау туралы үгіт-насихат жүргізеді.

«Далада мал жайып жүрген бақташы киікті де қарап, оны қорғап жүруі керек. Жанашырлық танытқан кезде ғана киіктің саны көбейіп, сақтап қаламыз»,- деді NABU халықаралық одағының жетекшісі Тильман Дитерих.

Соңғы жаңалықтар