Тəуелсіздік сағаты қалай соқты...

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік мерекесі! Бұл қандай күн? Ресми бекітілген, той тойлайтын мерекелік дата ғана ма? Бұндай сұраққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей алады» деп жазғаны бар.

Тәуелсіздікті сезінудің бақыты

Тарих көші ұзақ. Бұған дейін дүние сахнасында түрлі қауымдар, түрлі ұлыстар, түрлі мемлекеттер билік құрғаны белгілі. Солардың бәрі бірдей тізгінінен шашау шығармай, билігін өз қолында әлі ұстап отырған жоқ. Тіпті біздің өмір сүріп отырған заманымызда Тәуелсіз ел болудың ендігі кезегі кімге келетінін айта алмайсыз. Тәуелсіздік алу кез-келген ел үшін енді тым күрделеніп кетті. Кейде ойласақ ендігі уақытта бұндай бақыт ешбір ұлтқа бұйырмайтындай. Ендеше, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасқан қадамын көзбен көріп, азаттықтың ақиқатын сезініп, бостандықтың ауасын жұтқан біздің буын - нағыз бақытты ұрпақ. Біздің толқынның маңдайына Тәуелсіз елдің азаматы болу жазылыпты.

Қазақстан халқы сан ғасырлар бойы бабалар армандаған азаттық тойын, Тәуелсіздік күнін биыл 27-і рет қарсы алып отыр. Ширек ғасыр ішінде тәуелсіз мемлекет ретінде тындырған істеріміз де аз емес. Өңірге ғана емес, әлемге танылдық. Дүниедегі күллі елдермен байланыс орнатып, тереземіз барша мемлекетпен теңесті. Бұл да сол Тәуелсіздіктің жемісі. Ендеше, егемен ел атанған Қазақстан үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың атасы - Тәуелсіздік күні екендігі даусыз әрі бұл солай болуы да тиіс.

«Апаттық жағдайда орнаған Тәуелсіздік...»

Әйтсе де, осы тәу етер Тәуелсіздіктің өзі қазаққа оңай келді дегенге саятын пікір айтатындар да жоқ емес. Бұл расында да солай ма? Сондықтан «Тәуелсіздік қандай жағдайда орнаған еді?» деген сұраққа көз жүгіртіп алсақ. Дәл осы жайында Елбасы Н. Назарбаев өзінің естелігінде былай деп жазған еді: «Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады: 1990 жылдың сәуірі - Республика Президенті лауазымын тағайындау, 1990 жылдың қазаны - Қазақстанның егемендігі туралы Декларация, 1991 жылдың тамызы - Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және Республикалық егемен алтын-валюта қорын құру, 1991 жылдың желтоқсаны - алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау, біздің мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 желтоқсан - «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасы - өзіміздің ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу. Жеке мен үшін іс жүзінде осынау ырғақты кезеңнің әрбір күні ұмытылмақ емес».

«Осылайша, біз апаттық жағдайда Тәуелсіздікті орнаттық. Республика Президенті ретінде мен сыртқы саяси қызметтің жаңа бағыттарын белсенді дамыттым. Менің АҚШ Мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкермен, Ұлыбритания премьер-министрі Дж.Мейджормен, Австрия канцлері Ф.Враницкиймен, германдық саясаткерлер - вице-канцлер, сыртқы істер министрі С. Геншермен және қаржы министрі Т.Вайгелмен, Австралия мен Иранның сыртқы саясат ведомстволары басшылары Г.Эванспен және А.Велаятимен, Сингапурдың аға министрі Ли Куан Ю-мен, сондай-ақ Мәскеуде тіркелген АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Қытайдың, Болгарияның және бірқатар өзге елдердің елшілерімен, шетелдік бизнес өкілдерімен кездесулерім болды. Мен Түркия мен Ұлыбританияға алғашқы ресми сапарлар жасадым. Іс жүзінде, осы оқиғалардың бәрі өз Тәуелсіздігі жолымен бара жатқан Қазақстанның өзіндік халықаралық тұсаукесері іспетті болды», - деп еске алады Н. Назарбаев.

Иә, Елбасы бұл жерде Қазақ елінің әлеммен мойындалуына қатысты үлкен күрес жайында ғана айтып отыр. Ал елдің ішкі ахуалы, оның мемлекет болып тік тұрып кетуі - тіпті бөлек әңгіме-тін. КСРО құлдырағанда жетпіс жыл бойы тек бір орталықтың айдауымен жүрген елдің өз тізгінін қолына алуы шындығында апаттық жағдайды көз алдыға келтірер еді. Сондықтан «апаттық жағдайда орнаған Тәуелсіздіктің» әрбір қадамына үңіліп шығу, Тәуелсіздікке тәу етумен бірдей. Өйткені, Тәуелсіздік атты киеліміз бізге ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының қанымен, жылдар бойы бодандықтан арылуды аңсаған аға ұрпақтың жанымен, одан қалса 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, көз жасымен келді. Тіпті басқасын былай қойып, жоғарыдағы Н. Назарбаев еске алып отырған үлкен оқиғаларға толы болған 1991 жылдың қиыншылықтарының өзі де бір төбе емес пе?

Тәуелсіздік Заңының авторы - Уақыт...

1990 жылдардағы толассыз оқиғалардың бәрі үлкен бір белесті сілтеп, «Тәуелсіздік сағаты соқса енді соғатын шығар...» деп тұрған кез болатын. Алайда, ондай сағаттың сәті де өз уақытында ғана соғылуы тиіс-тін. Ал бұның қалай болғанын түсіну үшін белгілі қаламгер, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Тәуелсіздік толғауы» атты естелігіне жүгінгенді жөн көрдік.  

«Жаңа тағдырымыздың алтын арқауы болып табылатын Тәуелсіздік туралы Заңымызды қабылдайтын күн де жетті. 15 желтоқсан. Парламент үйінің үлкен залы. Төрде - Елбасы. Мінбеде - жұмыс тобының жетекшісі Сұлтан Сартаев. Қысқаша баяндама біткен бойда сұрақтар қарша борады. Соның барысында-ақ болашақ саяси шайқастың қандай шептерде өтетіндігі байқалып қалды. «Кімнен және неден тәуелсіз болмақпыз? Жетпіс жыл бойы желкелеп келген Ресейлік империя үлгісі бойынша қазақ империясын құруға әрекеттеніп жатқан жоқпыз ба?». Ең бір аққаптал кәнігі депутаттың аузынан шыққан осы бір сауалдан-ақ қарсыласушы күштердің арғы көмейін аңғаруға болатын еді. Тамыз оқиғасы тағдырын шешіп қойған КСРО-ны сақтап қаламыз дегенге сенетіндер әлі бар екен. Қазақ халқының тәуелсіздікті көксеп келе жаткан ел екендігін атымен білмейтін, білсе де құлаққа ілмейтін, тіпті табиғатта мұндай мәселе болуын үлкен жаңсақтық деп қарайтын тоңмойындық әлі де күшті екен. Қойылған тағы бір сауалдың арғы астарында одан да батпан зіл жатты.

«Біздің парламентіміз тағдыр-талайын шешетін күрделі мәселені тездетуге неге құмар? Біз мұнда мемлекет тәуелсіздігі мәселесін шешеміз, ертең 17 миллион адамның бақандай жартысы басқа жат мемлекетте қалып коймай ма?». Бұл - үрейлі кісінің емес, үрейлендіргісі келетін кісінің сауалы. Үшінші сауал бұдан да әрірек сілтейді: «Мұның салмағын арттыру, елеулі екенін айғақтау үшін референдум өткізген абзал емес пе?». Осыдан-ақ ол кездегі қоғамдық aya райдың қандай екендігін аңғара беруге болады. Егемендік мәлімдемесі қабылданғаннан бергі оқиғалар парламентшілерімізді әккілендіре түскенмен, тәуелсіздік туралы мәселені өткірлендіре түскенмен, оны заңдастырудың жолын жіңішкерте де түскен-ді. Мұндай жағдайда жапа-тармағай шабуылмен жеңіске жету қиын еді. Тәсілқойлығы жағынан әрі күрделі, әрі нәзік әрекеттер керек еді. Обалдары не керек, сол кездегі парламентте болған әріптестеріміз сол шеңберлік биігінен шыға алды. Тек шабуылдаушылыққа ғана емес, қорғаушылыққа да едәуір жетісіп қалыпты. Бар күшті жалпы талқылау тұсында сарп етпей, ең шетін баптарды жеке талқылайтын кезге де ірке алыпты...

Оның үстіне, ел тағдыры шешілер сағатта әрқайсысы әр таудың арқары болып калған азаматтарымыз бір үйдің баласындай ынтымақты мінез танытты. Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Жабайхан Әбділдин, Өмірбек Байгелди, Манаш Қозыбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Әнуар Әлімжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Сауық Тәкежанов, Мырзатай Жолдасбеков, Камал Смайылов, Қуаныш Сұлтанов... Санап тауыса алмайсың. Сол кездегі парламентте бастары қосылған елдің барлық естияр азаматтары... Бірінің көмейін бірі айтпай біліп, қапы жібермеуге тырысып бақты. Екі күнге созылған талқының aca бір шиеленісті тұсында депутат Александр Александрович Княгининге: «Заңды қолдау керек... Мемлекеттік тәуелсіздік - қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы. Қазақ жерін мекендеген біз, қазақ емес халықтар, бәріміз бірдей сол нәзік сезімге әрқашан өз сезіміміздей құрметпен қарайық» - деп, өрекпіп баққан көптеген әріптестеріне басу айтуға тура келді.

Біле білген кісіге бұл тәуелсіздік тек қазақтарға ғана керек емес еді. Бұндай Заң дәл сол күндері Қазақстанды мекендейтін барша ұлттардың ұл-қыздарына керек еді. Жан-жаққа бөлініп, жағаласып кетіп, қай шаңырақтың да басына қауіп төндірмеу үшін, сол екі ұдай кезеңде тағдыр мен тарихтың пәрменімен Нұқ пайғамбардың кемесіндей қалтылдақ кеңістікте күн кешіп жатқан жандардың бәрінің де ертеңгі күндеріне сенімді болулары үшін Қазақстанның тезірек халықаралық кұқық субъектісі болғаны керек еді. Тек сондай жағдайда ғана 17 миллион халық ертең қай кеменің құйрығына жармасамыз деген ала көңілдікке ұрынбай, бәрімізге ортақ дағдарыстар кезеңінен қалай шығамыз деп, бірлесе әрекет жасай алар еді.

Өтпелі кезеңнің желдей шалқыған желпілдек ауандарына берілмей, ең алдымен, әлгі бір мүмкіндікті заңдастырып алудың қажеттірек екендігін түсіне алатын азаматтар қай тарапта да жеткілікті болды. Соның арқасында 1991 жылдың 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң басым дауыспен қабылданды. Сол кездегі бір әріптесім Виктор Борисович Водолазов жуырда: «Әлі есімде, он екі депутат оған қарсы дауыс берген. Жасыратыны жоқ, соның бірі өзім едім... Ол кезде менің Қазақстанның болашағына деген сенімім аз еді. Экономикамыз кеудесін көтере алмай, жер бауырлап жатты. Нақты мемлекеттік тұрғыда ойлау жүйесі қалыптаспаған кез еді. Алайда мүның бәрі уақытша құбылыс екен. Бір-екі жылдан кейін оң өзгерістер байқала бастады. Соған сай мен де бұрынғы көзқарасыма езгертулер енгіздім», - депті.

Тәуелсіздік Алматыдағы демократияшыл жастар ереуілінің бес жылдығына бір күн қалғанда жүзеге асты. Иә, бұл заңның негізгі авторы Уақыт еді... Желтоқсан оқиғаларынан сол Тәуелсіздік күніне дейін Қазақстандағы ахуалды орнықсыздандыруға тырысқан қаншама саяси бейпілдік пен бейбастақтықтарға куә болмадық десеңізші...» деп жазады Әбіш Кекілбаев.

Түйіндей айтсақ, біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ. Өйткені, қазақ деп соғар жүрегі бар әрбір алаш баласының жұмылатын тұсы, ешбір тайсалмайтын ісі де осы Тәуелсіздік болуы тиіс. Ендеше, тәу етер Тәуелсіздігіміздің туы желбіреген күн құтты болсын, ағайын!

Соңғы жаңалықтар