Сыртқы саясатымызда Қазақстанмен ынтымақтастық маңызды орында - Моңғолия Сыртқы қатынастар министрі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Моңғолия мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр. ҚазАқпарат осынау айтулы датаға орай Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Батмунх Батцэцэгтің сұхбатын ұсынады.

Халал стандартпен ет өндіретін бірлескен кәсіпорын салынбақ

- Министр ханым, Моңғолия мен Қазақстанның арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына биыл 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде екіжақты қатынастардың ішінде саяси және мәдени қандай тың жетістіктерге қол жетті?

- Моңғолияның сыртқы саясатында Қазақстанмен дамытып жатқан ынтымақтастық маңызды орын иеленеді. Екіжақты дәстүрлі достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастық соңғы уақытта белсене түсіп, саяси байланыстар, оның ішінде жоғарғы деңгейдегі диалогтардың жиілігі артып келеді.

Моңғол мен қазақ халқы ежелден достық қарым-қатынаста және биыл Моңғолия мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отыр.

Ұлан-Батыр. Фото:wikimedia.org

Тараптар дипломатиялық өкілдіктерін ашты. 1992 жылы Моңғолияның Елшілігін Алматы қаласында ашылып, 2010 жылы оны Астана қаласына көшірілді. Ал Қазақстанның Елшілігі 1997 жылы Ұлан-Батыр қаласында ашылды.

Өткен 30 жыл уақытта екі ел арасында бірқатар жоғарғы дәрежелі іс-сапарлар орын алып, Моңғолия мен Қазақстанның қарым-қатынастары заманауи тұрғыда кеңейе түсуде. Сонымен қатар, ынтымақтастығымыздың бүгінгі нәтижесіне ризамын.

Біз өзара түсіністік, құрмет, халықаралық құқық пен еркін нарық қағидаттарына негізделген саяси, сауда-экономикалық және мәдени гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудамыз.

- Қазақстан Республикасы және Моңғолия арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 29 жыл толды. Осы құжаттың шеңберінде екі мемлекеттің қол жеткізген ең ірі уағдаластығы ретінде нені айта аласыз?

- 1993 жылы екі елдің мемлекет басшылары қол қойған «Моңғолия мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастық туралы шарты» екіжақты қарым-қатынастардың негізгі қағидалары енгізілген құжат болып табылады. Аталған шарт негізінде бүгінгі күнде Үкімет және мекемелер арасында 60-қа жуық келісімдер мен меморандумдар қабылданды. Соның ішінде, өзара визасыз режим мен әуе қатынастары жөніндегі келісімдерді ерекше атап өткім келеді. Осы келісімдер азаматтарымыздың еркін-тұрып жүруіне және іскерлік байланыстардың дамуына жақсы жол ашып отыр.

- Екіжақты сауданың көлемі соңғы жылдары біршама төмендегенін екі елдің статистикалық мағлұматтарынан көріп отырмыз. Осыған орай, келешекте Моңғолия мен Қазақстанның арасындағы тауар айналымын жандандыру үшін моңғол тарапы қандай шаралар қолдана алады?

- Кейінгі 3 жылға жуық жалғасқан коронавирус пандемиясы, қазіргі геосаяси және геоэкономикалық жағдайлар, халықаралық санкцияларға байланысты сауда-экономикалық, кедендік, тасымалдау және логистикалық шектеулер Моңғолия мен Қазақстанның ғана емес, әлем елдерінің сауда-экономикалық ынтымақтастығына кедергілер мен ауыртпашылықтар әкелуде.

Моңғолиядағы кедендік бақылау аймағы. Фото:sonin.mn

Моңғол тарапының соңғы 3 жылдағы статистикалық ақпаратына сүйенсек, екіжақты сауда айналымы 2020 жылы 19,4 млн, 2021 жылы 21,1 млн және 2022 жылдың басқы 8 айында 20,4 млн АҚШ долларына тең болған. Биылғы 8 айдың көрсеткіші бойынша, Моңғолияның экспорт көлемі 2,6 млн АҚШ долларын құраса, импорт көлемі 18,9 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіштер біз күткен әлеуетті қамтамасыз ете алмай отыр.

Екіжақты сауда айналымының шамамен 13%-ы Моңғолияның экспортна тиесілі. Екіжақты сауда саласында орын алатын тарифтік және тарифтік емес кедергілерді төмендетудің бір жолы – «Моңғолия мен Қазақстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға арналған 2022-2024 жж. жол картасын» осы жылдың соңына дейін бекітіп, оны жүзеге асыру. Бұл құжатта екіжақты жұмыс тобын құру, тауар түрлерін арттыру, қосымша құн салығы енгізілген өнімдерді экспорттау, халал технологиямен ет әзірлеуге арналған бірлескен өндіріс ашу, сондай-ақ тері, жүн мен кашемир өнімдерін өндіруге арналған жобаларды жүзеге асыру сияқты іс-шаралар енгізілген.

Қазақстан-Моңғолия бизнес-форумы. 2019 жыл. Фото: primeminister.kz

Моңғолияның Президенті У.Хүрэлсүх 2019 жылы Премьер-Министр ретінде Қазақстан Республикасына ресми іс-сапармен барып, өзара пайдалы ынтымақтастықты, атап айтқанда, өнеркәсіп, инфрақұрылым, азық-түлік және ауыл шаруашылық, туризм сынды бағыттарды айқындады.

Моңғолия, Гоби. Фото dreamtour.su

Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын өткізуді қарқындату және оның хаттамасында белгіленген өзара келісімдерді толығымен орындау арқылы екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды жандандыра аламыз. Бұдан басқа, Моңғолия мен Қазақстанның сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуде іскерлік топтар мен олардың арасындағы тікелей ынтымақтастық маңызды рөл атқармақ. Осының шеңберде, екіжақты іскерлік кездесулер мемлекеттің қолдауымен 2018, 2019 жылдары Ұлан-Батыр, Алматы қалаларында ұйымдастырылды. Соңғы екі жыл уақытта коронавирус пандемиясының салдарынан іскерлік кездесулерді аудиториялық форматта ұйымдастыра алмағанымызбен, мемлекеттік орган өкілдерінің, жеке бизнесмендердің кездесулері онлайн форматта тұрақты өтіп келді.Болашақта сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту үшін екі елдің ұлттық өндірушілерінің өнімдерін қамтыған жәрмеңке мен бизнес форумдар өткізу арқылы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға күш саламыз.

Осы орайда, кешікпей Ұлан-Батыр қаласында өткізілуі жоспарланған Моңғолия мен Қазақстан Республикасы арасындағы Үкіметаралық комиссиясының IX отырысы шеңберінде өткізілетін іскерлік кездесулерге қазақстандық шаруашылық нысандары белсенді түрде атсалысады деп сенемін.

Ұлан-Батыр. Фото: img.tourister.ru

Екіжақты сауданы жеңілдету мен сауда жасаудағы кедергілерді жою бағытындағы іс-әрекеттер тек екі мемлекеттің арасында ғана емес, Моңғолия мен ЕЭО арасындағы ынтымақтастық тетігі аясында да қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде. 23 тармақтан тұратын Моңғолия Үкіметі мен ЕЭО арасындағы ынтымақтастықты 2022-2025 жылдарда дамытуға арналған жоспардағы іс-шараларды жүзеге асыру арқылы Моңғолия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа үлес қосатынымыз сөзсіз.

- Қазақстан мен Моңғолия БҰҰ, АСЕМ, Шаңхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы, МАГАТЭ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар шеңберінде бір-бірін белсенді қолдап, бастамаларын бірлікте ілгерілетуде. Осы орайда, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін халықаралық ұйымға трансформациялауға қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Моңғолиядағы шөлейттенумен күрес. Фото:http:russian.news.cn

Моңғолия АӨСШК-тің мүше елдерінің қарым-қатынастарын реттеу жөніндегі декларацияға 2001 жылғы маусымда қол қойып, аталған ұйымға мүше болғаннан бері кеңес аясында ұйымдастырылған кездесу мен іс-шараларға тұрақты қатысып келеді. Мысалы, Моңғолия АӨСШК-тің жоғарғы деңгейдегі кездесуі мен Сыртқы істер министрлері отырысына тұрақты қатысып келді.

Моңғолия АӨСШК-тің Экологиялық өлшемдеріне жауапты үйлестіруші болып табылады және Шөлейттенумен күресу мәселесі бойынша сарапшылардың кездесуін 2011 жылы Ұлан-Батыр қаласында ұйымдастырғанын айтқым келеді.

Біз АӨСШК-ті халықаралық ұйым ретінде трансформациялау мәселесі бойынша диалогты қолдай отырып, оның барысын жіті қадағалаудамыз.

Біздің екі еліміз БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың шеңберінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, экономикалық және әлеуметтік дамуды ілгерілету, адам құқықтарын қорғау саласында белсенді ынтымақтасып келе жатқанын атап өткім келеді.

«Цагааннуур - Өскемен» бағытындағы автожолдың келешегі қандай?

- 2019 жылдың маусымында «Астана - Ұлан-Батыр» және 2020 жылдың қыркүйегінде «Ұлан-Батыр - Алматы» бағыттарындағы әуе қатынасы жолға қойылды. ҚР Үкiметi мен Монғолия Үкiметi арасындағы жолаушылар мен жүктердi автомобиль көлiгiмен халықаралық тасымалдау туралы келiсiмнің шеңберінде «Өлгий - Нұр-Сұлтан», «Өлгий-Алматы» бағыттарында жолаушыларды тасымалдау биыл жазда қалпына келтірілді. Болашақта екі елді өзара байланыстыратын жаңа көлік-транзиттік бағыттар орнату жоспарланып жатыр ма?

- Екіжақты қарым-қатынастарды, әсіресе сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту үшін тараптар бірінші кезекте көлік-логистикалық қатынастарды шешуі керек. Өзіңіз айтып өткендей, екі ел үкіметтерінің тығыз ынтымақтастығының нәтижесінде екіжақты әуе қатынастары қалпына келтіріліп, жолаушылар мен жүк тасымалы тұрақты жалғасуда. Атап айтқанда, «Хүннү Эйр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2021 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанның Алматы бағытына чартерлік рейстерді жолға қойып, 1854 жолаушыны тасымалдады. Ал 2022 жылдың маусым айынан бастап аптасына екі рет тұрақты рейстерді орындап келеді. Жылдың бастапқы 8 айында Алматы бағытына 6833 жолаушы тасымалданған. Сонымен қатар, Астана бағытында да чартерлік рейстер қатынайды. Бірақ жолаушылар ағыны салыстырмалы түрде төмен, яғни, 2021 жылы 651, биыл 8 айда бір реткі рейспен 134 жолаушы тасымалданған.

Қазақстан тарапынан «Скат» әуе компаниясы коронавирус пандемиясына дейін тұрақты рейстерді орындап келген. Алайда аталған рейс пандемия салдарынан тоқтатылды. Қазақстан тарапынан жүк және жолаушылар рейсін орындауға жол ашық.

Жаңа бағытқа келетін болсақ, «Ұлан-Батыр – Ховд – Астана – Ховд - Ұлан-Батыр» бағытындағы халықаралық рейсі «Хүннү Эйр» ЖШС-ге жүктелді және аталған компания 2023 жылдың жаз мезгілінен бастап рейс жасауды жоспарлап отыр. Ховд қаласы арқылы рейсті ұйымдастыру нарық сұранысын қанағаттандыратын және уақытты үнемдейтін көлік қызметі болуы керек.

Пандемиядан кейінгі жағдай толық қалыпқа келтірілгеннен кейін жоғарыда аталған рейстерді толығымен ұйымдастыру саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тұрақты дамытуға себепші болатынына сенімдіміз. Екі тарапта болашақта әуе жүктері мен жолаушылар тасымалы қызметін одан әрі дамытудың нақты әлеуеті бар деп есептейміз. Әсіресе, екі ел арасында ғана емес, Қытай, Азия, Еуропа елдері арқылы жүк тасымалдауды арттыруға мүмкіндік зор.

- Екі ел арасында Шығыс Қазақстан облысының шекарасы арқылы тікелей автожол салу мәселесі талайдан бері айтылып келеді, бірақ нақты нәтиже әлі көрінбей отыр. «Цагааннуур (Моңғолия) - Ташанта (РФ) - Риддер (ҚР) - Өскемен» бағытындағы автокөлік жолын ашу және пайдаланудың перспективасы бойынша не айта аласыз?

- Моңғолия Үкіметі Ресей мен Қытайды байланыстыратын тікелей магистральды автокөлік жолын өзінің батыс аймағына салып, оны 2022 жылдың ішінде пайдаға беру бағытында жұмыс істеуде. Осы тұрғыда еліміздің Қазақстанмен байланыстыратын жолдың болуына деген қызығушылығы бұрынғыдай сақталып отыр. Транзиттік тасымалдау мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану үшін ең қысқа және оңтайлы логистикалық бағытты бірлесіп іздестіру, оның ішінде «Цагааннуур – Ташанта – Риддер – Өскемен» бағытындағы жолды пайдалану тек қана біздің екі еліміз үшін емес, Ресей тарапы үшін де пайдалы деп есептейміз. Сондықтан да, жоғарыда аталған жол бағытын іске асыру үшін екі тарап бірлесіп Ресей тарапымен ынтымақтас болуы қажет.

Студент алмасу жалғаса береді

- 2022 жылы шілде айында Моңғолияның Президенті У.Хурэлсүх Шыңғыс ханның бейнесін құрметтеу туралы жарлық шығарғаны белгілі. Ал биыл Ұлан-Батырда Шыңғыс ханның мұражайы ашылатыны айтылды.Монғол халқының басты рухани темірқазығы әрі, әлемге паш етер мақтанышы болып тұрған Шыңғыс ханды ұлықтау бойынша Моңғолия басшылығы тағы қандай шаралар қолданып отыр?

- Моңғолдар Шыңғыс ханды, оның бейнесін, дүниежүзілік тарихтағы рөлін, оның құрған Ұлы Моңғол мемлекетінің жалғасы империяның мұрасын жүздеген жылдар бойы қастерлеп, тағзым етіп бүгінгі деңгейге дейін жеткізген және біз осы сана-сезімді көптеген мазмұнмен толықтырып, оны әлемге жағымды түрде таратуға тырысып келеміз.

Моңғолиядағы Шыңғыс хан мұражайы. Фото: mongolnow.com

Моңғолия Үкіметі Шыңғыс ханның туған жерін тарихи туристік аймақ ретінде дамыту бойынша құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруда. Осы жылдың қазан айында ашылған «Шыңғыс хан» мұражайы Шыңғыс хан құрған империясы, моңғолдың ақсүйектеріне тиесілі құрал-жабдықтарымен, моңғолдың тарихи жәдігерлерімен толықтырылып, Шыңғыс ханға және моңғол патшалары мен төрелеріне қатысты ескерткіштер көпшілік назарына ұсынылады.

Моңғолиядағы Шыңғыс хан мұражайы. Фото: mongolnow.com

Сондай-ақ биылғы жылы Шыңғыс ханды зерттеуді халықаралық деңгейге шығару үшін Халықаралық қауымдастық құрып, оған қатысушы тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамытуды мақсат қойып отырмыз.

Біз Франция Республикасының Нант қаласының тарихи мұражайымен бірлесе отырып, 2023-2024 жылдар аралығында Шыңғыс хан мен оның империясының тарихи жәдігерлерін халықаралық деңгейде насихаттайтын көрме өткізуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Моңғолия – Шыңғыс ханның туған жері және Ұлы Моңғол мемлекеті тарихының отаны болып есептелетін Бурхан Халдун тауы мен оның айналасындағы киелі аумақ 2015 жылдың маусым айында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитетінің 39-сессиясында Дүниежүзілік мұралар тізіміне мәдени мұра ретінде тіркелді. Осы мәдени аумақта орналасқан Шыңғыс ханнан қалған мұралар мен тарихи құндылықтарды халықаралық деңгейде насихаттау және зерттеуді дамыту саласында жобалар жүзеге асырылуда.

Цонжин Болдогтағы Шыңғыс хан мүсіні.Әлемдегі ең биік ат мүсіні.

Фото: wikipedia.org

Сондай-ақ, Моңғолия Үкіметінің 2019 жылғы 10 сәуірдегі қаулысы негізінде Шыңғыс хан мұрасы мен мәдениет институты құрылып, Шыңғыс ханды зерттеуді моңғолтанудың бір саласы ретінде дамыту, Шыңғыс хан тарихи туризімін дамыту, Шыңғыс ханның Моңғолия мен әлем тарихындағы рөлін дәріптеу, Шыңғыс хан мұрасы мен мәдени құжаттарының бірыңғай деректер базасын құру, Моңғол империясының мұрасы мен мәдениетін шет елдерге таратуға және насихаттауға бағытталған бірыңғай саяси бағдарлама әзірлеу, Шыңғыс ханға қатысты рәсімдер мен құрметті есімдерді қоғамдық қатынастарда қолданудың нормаларын белгілеу және құқықтық ортаны құру үшін іргелі зерттеулер жүргізу сияқты мақсаттар қойып, жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

- Қазақстанның жоғары оқу орындарының Моңғолия аумағында өз бөлімшелерін ашуда қандай мүмкіндіктерді айта алар едіңіз?

- Социализм кезеңінде Моңғолияның көптеген жастары Қазақстанға барып, сапалы білім алып келді. Моңғолияның Премьер-Министрі У.Хурелсухтың 2019 жылғы Қазақстанға ресми сапары барысында Білім туралы құжаттар мен ғылыми дәрежелерді өзара тану туралы келісімге және 2008 жылғы Білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге түзетулер мен өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылған болатын. Осы келісімдер бойынша жыл сайын моңғол тарапы Қазақстанның 5 азаматын, қазақстандық тарап еліміздің 25 азаматына дейін жоғары оқу орындарына тегін қабылдап, оқытуы екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығына маңызды үлес қосуда. Моңғолияның тиісті заңдары мен кәсіби ұйымдарының талаптарына сай келетін кез келген шетелдік университеттердің Моңғолияда өз филиалдарын ашуға толық мүмкіндігі бар. Еліміздің білім беру жүйесі еркін бәсекелестік қағидасына негізделген. Осы себепті жоғарыда аталған талаптарға сай келетін, бәсекеге қабілетті қазақстандық жоғары оқу орындары үшін бұл мүмкіндік ашық.

Құжаттарға қол қою. Фото: new.dosfarm.kz

- Моңғолияның батыс өңірін мекендейтін қазақ диаспорасы екіжақты қатынастарды алға жылжытудағы «алтын көпір» болып отырғаны мәлім. Осы тұрғыда, екі мемлекеттің консулдық қатынастар бағытындағы күрделі жұмыстарды уақытылы да оңды шешу үшін Батыс Моңғолияда ҚР консулдық мекемесін ашу мәселесі бойынша министр ханымның пікірі қандай?

- 2022 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жағдай бойынша Моңғолияда 579 Қазақстан азаматы білім алып, жұмыс істеп, тұрақты өмір сүріп жатыр. Осы кезеңде елімізге Қазақстанның 7245 азаматы келсе, Моңғолияның 3335 азаматы Қазақстанға барған. Қазақстан тарапы бізге Баян-Өлгий аймағында Құрметті консулдық ашу туралы ұсыныс жасаған болатын. Соңғы кездері екі ел арасындағы қарым-қатынастар мен ынтымақтастық одан әрі жанданып, екі елге сапармен келетін азаматтардың саны да артуда. Осыған байланысты, біздің тарап қазақстандық тарап көтерген мәселелерді қарастырып, оң шешім қабылдау үшін жұмыс атқаруда.

- Сұхбатыңыз үшін Сізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар