Сыртқы саясаттағы ұстамдылық нақты табыстарға жол ашады -сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның сыртқы саясаты ұлттық қауіпсіздікті, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын жан-жақты қамтамасыз етуге, сондай-ақ бейбітшілікті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағыталады. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері, әскери ғылымдардың кандидаты, доцент Георгий Дубовцев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымдағы ұлықтау рәсімінде 10 негізгі бағытты белгілеп, оны іске асыруға дереу кірісуді тапсырған болатын. Олардың қатарына халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл, сот-құқықтық реформа, әділ әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселелерін шешу, өңірлерді дамыту, теңдестірілген және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ жастарды қолдау кірді», - дейді Георгий Дубовцев.

Оның ойынша,елдің сыртқы саясаттағы ұстанымы ұлттық бизнеске, әрбір азаматқа нақты пайда әкелуі тиіс.

«Теңгерімді әрі көпвекторлы сыртқы саясаттың арқасында Қазақстан әлемде танымал мемлекетке айналды. Жас мемлекеттің БҰҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы орны мен рөлі жыл сайын артып келеді. Бұл ретте белсенді сыртқы саяси қызмет пен көп деңгейлі дипломатияны жүзеге асыру біздің мемлекетіміздің әрі қарай ілгерілеуінің және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы болып табылады. Қазіргі жағдайда халықаралық қатынастар жүйесі түбегейлі жаңарып, қауіпсіздіктің базалық қағидалары айтарлықтай өзгеріп отыр», - деп дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі халықаралық қатынас айдынында бәсекелестік артып, кейбір мемлекеттердің әлемдік саясатқа үстемдік орнатуға деген ұмтылысы күшейген. Ондай елдер басқа мемлекеттердің егемендігін айтарлықтай шектеуге ниетті. Мұндай үрдіс кейбір елдердің дербес сыртқы саяси шешімдер қабылдауына мүмкіндік бермей отыр.

«Біріншіден, әлемге ықпал ету үшін ымырасыз бәсеке жүріп жатыр. Ол үшін әскери мүмкіндіктен бастап барлық арсенал таразыға түсуде. Екіншіден, «Қырғи-қабақ соғыс» жылдарынан кейін қабылданған барлық халықаралық-құқықтық нормалардан бас тартуға, өзінің ұлттық заңнамасын халықаралық құқықтан артық қоюға талпынып жатқан елдер бар. Үшіншіден, басқа елдердің кез келген дербестігін басуға ұмтылыс сезіледі. Төртіншіден, өзге мемлекеттерге өз саясатын таңу үшін әскери күш қолдануға дайын екендіктерін ашық көрсету белең алып барады», - деп таразылайды ол.

Сарапшы халықаралық жағдай шиеленіскен тұста ел басшылығы жан-жақты сараланған саясат ұстанып отыр деген пікірде. ТМД, ЕО елдерімен, Қытаймен, АҚШ-пен және басқа да мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарда теңгерімді сақтау Қазақстанның егемендігін нығайтуға мүмкіндік ашпақ.

«Көпжақты және екі жақты форматта ынтымақ аясын кеңейту ұстанымы көптеген мемлекеттермен сенімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етті. Біздің мемлекетіміздің осындай салмақты ұстанымы аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр», - деді ол.

ҚСЗИ сарапшысының пікірінше, жан-жақты ынтымаққа бағытталған осындай сыртқы саясаттың арқасында Қазақстан ұзақ уақыт бойы қорғаныс шығындарынан айтарлықтай қаражатты үнемдей алады. Бұл мақсаттарға жалпы ішкі өнімнің шамамен 1 пайызын ғана бөле отырып, үнемделген қаражатты елдің серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсау мүмкіндігі бар.

«Азияның бірқатар аймақтарында, оның ішінде шекаралас елдерде әлемдік державалардың мүдделер қақтығысы сақталып отыр. Өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің жаңа сын-қатерлері туындаған жағдайда оларға қарсы жедел шара қабылдау талабы туындауы мүмкін», - дейді Георгий Дубовцев.

«Президент өзінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын арнайы Жарлықпен бекітті. Сол құжат аясында еліміздің сыртқы саясатының жаңа тұжырымдамасын қабылдау көзделген. Жаңартылған тұжырымдама Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көпвекторлы, теңгерімді сыртқы саясатын жалғастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Яғни, біздің мемлекетіміздің негізгі сыртқы саяси күш-жігері ұлттық қауіпсіздікті, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын жан-жақты қамтамасыз етуге, бейбітшілікті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға шоғырланатын болады», - деген сарапшы сыртқы саясаттың жаңа тұжырымдамасы БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың түрлі құрылымдары мен институттарында қазақстандық бастамаларды ілгерілетуге ықпал ететінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар