Сыртқы істер министрлігі мен Ассамблея хатшылығы «Шет елдегі қазақтардың құқын қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуге мұрындық болуы керек - А. Момышев

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Сыртқы істер министрлігі мен Ассамблея хатшылығы «Шет елдегі қазақтардың құқын қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуге мұрындық болуы керек.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Амангелді Момышев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың айтуынша, бүгінгі күндері Ташкент қаласының Қыбырай ауданындағы уақытша қамау орталығында 300‑ге тарта қазақ азаматтары тектен‑текке қамалып отырған көрінеді. Бұл туралы «Замана» газеті «Қыбырайда 300‑дей қазақ қамауда отыр» деген мақала  жариялаған. Онда автор Ташкетттегі өзбек полициясы қазақтарды жазықсыз, түкке тұрғысыз сылтаулармен түрмеге отырғызғаны туралы баяндап, онда болып қайтқан қазақстандық куәгерлермен де арадағы әңгімені алға тартады. «Мақала авторының айтуына қарағанда, Қыбырай ауданында  600-дей шетел азаматтары қамауда отырса, оның жартысынан астамы қырғыз, тәжік пен қазақтар екен. Оның ішінде қамаудағы қазақтар саны 300‑ге тарта. Олардың арасында тіпті түкке тұрғысыз айыптармен сотталып жатқандар да бар болса керек», деген депутат бұл мәселеге Сыртқы істер министрлігінің назар аударуы қажеттігін атап өтті.

Сонымен бірге А. Момышев Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақтар көп тұратын мемлекеттермен байланысты жандандырып, шетелдегі ұлт азаматтарының құқын қорғауы қажеттігін айтты. Осы тұрғыдан елімізде шетелдегі қазақтардың жағдайымен айналысатын комиссия құру қажеттігін жеткізген депутат, бірқатар министрліктің өкілдері құрамына енетін ондай арнайы комиссия құра отырып, сырт елдегі қазақ диаспорасының жағдайын қадағалауға алса игі деген пікірін жеткізді. «Ассамблея хатшылығы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесе отырып, алыс‑жақын шетелдегі қазақ диаспорасымен бағыт‑бағдарлар бойынша тығыз байланыс орнату қажет. Сондай‑ақ Ассамблея  шетелдегі қазақтардың әлеуметтік жағдайын зерделеп, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларды Қазақстанға тез арада көшіруге ұйытқы болуы тиіс. Бұдан басқа Сыртқы істер министрлігі мен Ассамблея хатшылығы «Шет елдегі қазақтардың құқын қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуге мұрындық болса игі. Өйткені, шетелде тұратын бауырлардың Отанына‑Қазақстанға үлкен сеніммен қарайтынын ешқашан ұмытуға болмайды. Олардың үкілі үмітті мүддесінен шыға алмасақ елдігімізге, мемлекеттігімізге сын», деді депутат.

Соңғы жаңалықтар