Сыртқы істер министрінің орынбасары «газ одағын» құру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров «газ одағын» құру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуразиялық интеграция – үкіметаралық және мемлекетаралық келісімдермен ресімделетін үкіметаралық интеграция. Газ одағын құру Ресей жағының ұсынысы болды. Дегенмен, бұл бастама ресімделмеген. Осы бастама қандай тәртіпте жүзеге асырылатыны туралы Ресей жағынан егжей-тегжейлі пысықталған тиісті ұсыныстар түскен жоқ. Әзірге, бұл газ саудасының кейбір процестерін біріктіру идеясы ғана», - деді А.Айдаров Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол бұл бастамаға қатысты нақты шешім жасалмағанын айтты.

«Газға қатысты жеке құрылым, ұйым немесе мемлекетаралық одақ құру туралы сөз қозғалмады. Бұл тұрғыда газ жеткізу және газ бағасына қатысты идея ғана ұсынылды. Барлық елде газ тапшылығы байқалып отыр. Сондықтан Ресей жағы осындай ұсыныспен шықты», - деді министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қараша айында Қазақстан мен Ресей президенттері Кремльде «үштік газ одағын» құру мәселесін талқылаған болатын.


Соңғы жаңалықтар