Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары тағайындалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының өкімімен Қайрат Ермекұлы Омаров Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл туралы ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Қайрат Ермекұлы Омаров Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.

Қайрат Омаров 1963 жылы Өзбекстанда, Ферғана қаласында туған.

Алматы шет тілдері педагогикалық институтын бітірген (1985). Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінде еңбек өтілінен өткен (1992).

Еңбек жолы: Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, этнография және археология институтының ғылыми қызметкері; Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма бойынша Бас редакциялық алқасында ағылшын тілінен аудармалардың бас редакторы (1989-1991); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің екінші, бірінші хатшысы, Еуропа және Америка бөлімінің меңгерушісі (1992-1994); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басқарма бастығы, Еуропа департаменті директорының орынбасары (1996-1998); Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің кеңесші-елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі Елшісі (1998-2004); ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы (2004); ҚР-ның Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2004-2008); ҚР-ның Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы (2008-2009); ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары (2009-2013); 2013 жылғы қаңтардан бастап 2017 жылдың қаңтарына дейін – Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2017-2020 жылдары – Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі.

Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2020 жылдан бастап), Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы (2021 жылдан), Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдары жанындағы тұрақты өкілі болды.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдарымен, «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен марапатталған.


Фото: gov.kz






Соңғы жаңалықтар