Сырт елде саяси қуғынға ұшырағандарды зерттеу қалыс қалып жатыр - Зиябек Қабылдинов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сыртта жүріп саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ халқын зерттеу тақырыбы тыс қалып жатыр. Бұл туралы бүгін Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында өткен жиын барысында институт директоры Зиябек Қабылдинов айтты.

«Жаппай саяси-қуғын сүргінге Қазақстанда ғана емес, шеттегі қазақ та ұшырады. Мәселен Омбы қазақтарының әр отбасыдан 1 адам қуғынға ұшырады. Омбы облысы ғана емес, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Түрікменстан елдерінде де тарих беттері ашылмай жатыр. Бір қамықтыратын нәрсе, Ресейлік әріптестеріміз, ұлты қазақ емес зерттеушілер үшін бұл тақырып - «табу». Ал  біздің ғалымдар «біздің территория емес, зерттейтін жергілікті ғалымдар бар»  деп ойлайды. Сондықтан, осы тақырыптар зерттеуден  тыс қалып жатыр. Біздің институт болсын, ЖОО болсын, шетте жүрген ағайын-туыстарды осы бағытта зерттеп, анықтап білмейтін жерлерін қоғамға жеткізіп отыру керек», - деді институт директоры Зиябек Қабылдинов.

Оның айтуынша, 40 000 Омбы қазағының 1 мыңы саяси қуғын сүргінге ұшыраған. Ғалым бұның себептерін тарқатып айтып берді.

«Біріншіден, Омбы уезінің қазақтары көбінесе мал шаруашылығымен айналысқан. 3 пайызы ғана жер өңдеді. Екіншіден, Омбы қаласы Алаш қозғалысының қалыптасқан жері. Әлихан Бөкейханов сол жерде оқыды. Асылбек Сейітов, Темірбек Телжанов, Сәкен Сейфуллин, Айдархан Тұрлыбаев, Мұқан Айтпеновтер оқып, білім алды, өмір сүрді. Кеңес Одағының шоқпары оқығандарға тиді.

Одан бөлек Смағұл Сәдуақасовтың айтуынша, Омбы уезі сауатты уез болған. Азаматтардың 30 пайызы хат таныған. Большевиктерге сауатты, бай адам Алаш рухты азаматтар керек болмаған», - деді институт директоры.

Мекеме басшысы  Ш.Уәлиханов атындағы институттың осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтып өтті.

Былтыр институтқа 12 магистрант қабылданған.

Оның 6-ауына Алаш тұлғаларын зерттеу тақырыбы берілді.

Сонымен қатар, институт аясында арнайы пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Жамбыл облысы бойынша сол кездегі зұлматты көзімен көрген,  80-90-ға келген қариялардың естеліктері басылып, кітап болып шықты.

«Қариялар ертең өздерімен бірге халықтың тарихын, мұңын алып кетеді. Оларды қағазға түсірген абзал. Омбы облысында 100 жыл бұрын 800 қазақ ауылы болған, қазір 42 ауыл қалды. Қазір әр ауыл өз тарихын жазып жатыр. Бұл Елбасының «Туған жер» деген бағдарламасының міндетіне тұспа-тұс келеді», - деді институт директоры.

Конференция барысында тарих ғылымдарының докторы, академик Хайдар Алдажұманов, Жұлдызбек Абылхожин сияқты белгілі ғалымдар баяндама оқыды.

Соңғы жаңалықтар