Сырқаттың дертін жария қылған алматылық дәрігер жұмыстан шығарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда сырқаттың дертін көпшілікке жария қылған дәрігер жұмыстан шығарылды. Мәселенің мән жайын қалалық сот мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес, былтыр 25 мамыр мен 26 маусым аралығында сүйек хирургиясы бөлімінде ем алған адам 12 маусымда COVID - 19 індетіне шалдыққаны белгілі болған. Пациент бөлек палатаға ауыстырылған.

«Ал 5 маусымда дәрігер сырқаттың емдеуші дәрігері болмаса да, еңбек демалысында жүре тұрып, жұмыс орнына келген. Сырқатты және оның диагнозы жазылған емдік карточкасын, қандай ем жүргізілгенін және медициналық мекемеге жасаған өтінімін фотосуретке түсіріп, оны блогерлерге таратқан. Бұл ақпарат әлеуметтік желіге тарап кеткен. Еңбек келісім шарты бойынша күдікті 2016 жылы №4 қалалық ауруханаға дәрігер-хирург болып жұмысқа орналасқан. 2020 жылдың тамыз айында бұйрық шығарылып дәрігер жұмыстан босатылды»,- деді қалалық соттың баспасөз қызметінен.

«Әлеуметтік желіде дәрігердің кәсіби біліктілігіне қарамастан жұмыстан заңсыз шығарылды деген пікір тарап жатыр. Нақты бұл жағдайда ақ халаттының кәсіби шеберлігіне сот еш күмән келтірмеген. Алайда, заң баршаға ортақ. Заңды белден басу және өзгенің құқына қол сұғуға жол жоқ» - деді қалалық сот мамандары.

Бұйрыққа келіспеген әрі, жұмысқа қайтаруды талап етіп дәрігер сотқа шағым түсірген. Оның айтуынша, келісім комиссиясының бұл шешімі негізсіз.

«Дәрігердің медициналық құпияны үшінші бір адамға жария қылғанын білген сырқат медициналық мекеме басшылығына шағымданған. Ал сотқа шағым беруші дәрігердің айтуынша індетті жұқтырған адам сантиарлық-эпидемиологиялық шараны еш сақтамаған. Сол себепті індеттің тарап кету қаупі төнген. Алайда медициналық құпия 2020 жылдың 5 шілдеде жарияланған. Ал сырқат 26 маусым 2020 жылы толық емделіп, үйіне шыққан», - деді сот мамандары.

Сондай-ақ, сотта белгілі болғаны шағым беруші дәрігер сырқаттың індетті өзгерелерге жұқтыруы мүмкін екені, қандай да бір қауіп төніп тұрғаны тұралы медициналық мекеме басшыларына айтпаған.

Қазақстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік және заңмен қорғалған құпияларды жария еткенде, еңбек міндетін атқарған кезде белгілі болған ақпараттарды құпия сақтамағаны үшін жұмыс беруші жұмысшымен еңбек келісімшартын жоя алады.

Ем қабылдаған азаматтың жеке медициналық анықтамалары, медициналық көмекке жүгінгені туралы ақпарат, сырқаттың денсаулығы, диагнозы мен басқа да мәліметтерді дәрігерлер құпия ұстауға міндетті.

«Дәрігердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Сот медицина қызметкерінің кәсіби біліктілігіне еш күмән келтірмейді. Алайда медициналық құпияны жария етуге жол жоқ», - деді қалалық соттың баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар