«Сырғалым» телехикаясының екінші маусымы 3 наурызда көрерменге жол тартады
2015 жылғы 26 ақпан 14:51

«Сырғалым» телехикаясының екінші маусымы 3 наурызда көрерменге жол тартады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 3 наурызда «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы «Сырғалым» телехикаясының екінші маусымы көрерменге жол тартады. Жаңа бөлімде оқиға желісі банк кеңсесінің қабырғасында өрбіп, жас қыз өз отбасының шаңырағын шайқалтпауға тырысып, мансап баспалдағымен өрлеуге тырысады.

Сериал Ұлттық арнаның тапсырысымен «Көркем фильм» киностудиясында түсірілді. Екінші кезңеді түсіруге 3,5 ай уақыт жұмсалды.

Сериал авторларының айтуынша, жаңа кезеңде көрермендерді жаңа кейіпкерлер - Лидия Каденова мен Сәкен Рақышев күтіп тұр.

Қоюшы режиссер Рашид Сүлейменов «Сырғалым» сериалында басты мақсат идеологиялық насихат екендігін атап өтті.

«Әрине, сырт пішінінен идеологиялық мақсат көрініс бермейді. Сол арқылы біз өз көрермендеріміздің санасында дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға талпынып жатырмыз. Бұл қала мен ауылдың бірігуі, этностардың бірігуі. Қазақ тілін насихаттау - басты міндет. «Қазақстан» арнасының тыңғылықты жұмысының арқасында бізде қазақ тілі барынша сахнаға бейімделген. Түсірілім алаңында екі редактор жұмыс жасайды, олар қазақ тілінің дұрыс қолданылуын қадағалайды. Сериалда қазақ тілінің сауатты қолданылатынын білікті лингвистер де айтып отыр. Бұл - біз үшін үлкен мақтаныш», - деді режиссер.

Бірінші бөлім 2014 жылдың басында көрсетілді. Жаңа сериалды 1 млн-ға жуық адам тамашалады. Кейін «Сырғалым» сериалы «2014 жылдың үздік сериалы» аталымын, ал басты рөлді сомдаған актриса Жұлдыз Маханова «Ең үздік актриса» атағын жеңіп алды.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT