Сырдария өзенінен «Көксарай» су реттегішіне қарай тартылған каналдың арнасын су шайды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында Сырдария өзенінен «Көксарай» су реттегішіне қарай тартылған каналдың арнасы бұзылып, төтенше жағдай орын алды. Ағыстың екпінімен жағалаудағы бөгеттің 500 метр жерін су шайып кеткен. Бұл туралы облыстық ТЖД мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент мамандары «Қазсушар» мекемесімен бірлесіп, үш күн бойына арнаны бекіту жұмыстарын жүргізгенін айтады. Оған 18 техника мен 30 адам жұмылдырылған. Осылайша арнаның бұзылған жеріне 6 300 текше метр тас аралас топырақ төгілген. Жағалаудағы топырақ қабаты барынша қалыңдатылып, нығыздалған. Қазір өзен суынан сол маңдағы ауылдар мен елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ.

Оқиға орнында «Қазсушар» мекемесінің 6 қызметкері арнайы техникалармен кезекшілікке қойылған. Мамандардың есебінше бүгінгі таңда «Көксарай» қоймасындағы судың мөлшері жылдағыдан аз болып отыр. Сыйымдылығының 47 пайызы ғана суға толған. Бұған Оңтүстікте биыл қардың өте аз жауғаны себеп болған.

«Таулы аймақтардағы қардың қоры 40 пайызды құрайды. Сондықтан әзірге ешқандай қауіп-қатер жоқ. Ал, облыстағы су қоймалары 40-45 пайызға толды. Көктемгі су тасқыны кезінде су қабылдауға әбден мүмкіндігі бар»,- дейді Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.

Соңғы жаңалықтар