Сырдария өзеніндегі су деңгейі төмендеп барады
2022 жылғы 18 мамыр 16:51

Сырдария өзеніндегі су деңгейі төмендеп барады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сырдария өзенінен Қызылорда облысы аумағына секундына 520 текше метр су ағып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазіргі таңда Шардара су қоймасына - 4,81 млрд текше метр су, Көксарай су реттегіш қоймасына 139 млн текше метр су жинақталды. Ал Қызылорда су торабынан Сырдарияның төменгі ағысына жіберілген су көлемі - 56 текше метр. Су деңгейінің азаюына байланысты ауыл шаруашылығы дақылары, оның ішінде күрішті 78 346 гектарға егу межеленген.

«Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларына жинақталған су көлемі - 16,7 млрд текше метр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,1 млрд текше метрге артық. Сырдария өзені бассейнідегі ең үлкен су қоймасы - Тоқтағұлда 10 млрд.текше су бар. Бүгінде Көксарай су реттегішіне жинақталған судың көлемі 140 млн текше метрді құрады», - деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Абуов.

Соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі судың тапшылығы көлдердің құрғауына, ауыл шаруашылығы дақылдарының азаюына әкелуде. Су тапшылығына байланысты 20 жоба іске асырылмақ.

«Биыл жалпы ұзындығы 1 034 шақырымды құрайтын 162 каналды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жаңақорған ауданында Сырдария өзеніндегі үрмелі су тоспасының істен шығуына байланысты Келінтөбе магистралды каналы суландырылмақ. Сондай-ақ, Келінтөбе магистралды каналының 9,2 шақырымы тазаланып, қосымша секундына 14-15 текше метр су беру көзделген», - деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Айтжанова.

«Облыс бойынша барлық каналдардан секундына 424 текше метр су алынуда. Дегенмен, Сырдария өзенінде күрделі су тапшылығы болуы мүмкін. Әсіресе бұл жағдай Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарында қатты сезіледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, 55 927 гектарға күріш дақылы егіледі. Қала және аудандар бойынша күріш дақылын егу жұмыстарын 1 маусымға дейін аяқтау туралы хат жолданды. Қарапайым шаруа иелері де су тапшылығын ескеріп, егіс көлемін азайтуы керек. Олай етпеген жағдайда қиын жағдайға ұшырауы мүмкін», - деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.


Jańalyqtar

MURAǴAT