Сыр өңіріндегі Әр отбасы мүшесі үшін үш талдан акциясы нәтижесін беруде – Болат Нұрқожаев

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат -Қызылордалық Болат Нұрқожаевты жерлестері қоршаған ортаны көркейту-көгалдандыру жөніндегі ұтымды ұсыныстары арқылы жақсы біледі. Табиғатқа жанашыр азамат соңғы жылдарда ерікті түрде Қызылорда қаласындағы жасыл желек көлемін арттыру ісіне белсене атсалысып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде аталған мәселеге селқостық бар. Оны біреу атқарып беруі керек секілді. Негізінде көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты ластамау, таза ұстау - әрбір азаматтың парызы. Әрбіріміз аула және көше тазалығына баса назар аударуымыз тиіс. Мен ерікті түрде облыс орталығындағы жасыл желек көлемін арттыру ісіне назар аудардым. Алғашқы кезде маған қолдау білдірген адамдар саны аз еді. Қазір олардың қатары көбейді. Бұл іске көптеген азаматтар белсенді түрде қатыса бастады. Олардың қатарында көрші-көлем, ауыл-аймақ тұрғындары бар. Бұл - насихаттың жемісі. «Ауылына қарап адамын таны» дейді қазақ. Мұндай сәтте әрбір ауылдың ауызбірлігі, мәдениеті көрініп тұрады. Әрбір елді мекеннің кіре берісінен жасыл желектің көп болуы көңіліңе ерекше сезім сыйлайтыны белгілі. Мұндай игілікті бастаманы көрген өзге ауыл тұрғындары оған назар аударады деген ойдамын. Менің ойымша, бір тұрғынның бір көшені көгалдандыруына мүмкіндігі жетеді. Оны өз тәжірибемнен білемін. Қазірге дейін сондай ісімізді екі көшеде жасап үлгердік. Олардың бірі қазір Қызылорда қаласындағы құбыр арқылы аяқ су жүргізілген, жасыл желекке оранған көшеге айналды. Қаланың мөлтекаудандарында арық жүйесі тазаланып, аяқ су берілді. «Ақмешіт-Сырдария» мешіті айналасында кәсіпкерлер көмегімен су құбыры жүргізілді. Қазір имандылық үйінің ауласы тұрғындар сая табатын жерге айналды, айналасы былтыр жасалып бітті», - деді Болат Нұрқожаев.


Биыл еліміздің Экология министрлігінің бастамасымен әр өңірден экологиялық ахуалды жақсартуға белсене атсалысып жүрген эко амбассадорлар тағайындалды. Сол азаматтардың қатарында Сыр өңірінен Болат Нұрқожаев та бар.

«Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Облыстағы экология департаменті, табиғи ресурстар басқармасы, жергілікті атқарушы билік арқылы ел арасында экологиялық сауаттылық, қоршаған ортаны қорғау мәселесіне назар аударылды. Енді эко амбассадор ретінде бұл мәселені кеңінен насихаттауды қолға алатын боламыз. Биыл - еріктілер жылы. Негізінде біздің өңірдің табиғаты қатал, көгалдандыру оңай жасала бермейді. Бірақ, еңбектенсең бізде де жасыл бақ жасауға барлық мүмкіндік бар. Қуантарлығы, қазір тұрғындар арасында оған деген қызығушылық артып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын аяқ су келмегендіктен аптап ыстықта ағаштардың қурап қалу жағдайы кездеседі. Бұрын сондай күйді кешкен ағаштар қазір қаланың кіре беріс бас көшесінде жайқалып тұр. Тұрғындар саясында серуендейді. Бұл орындар үлкен аллея, бау-бақшаға айналды. Бұның бәрі біреуге кішкене жұмыс көрінуі мүмкін. Бірақ табиғатқа деген жанашырлық қозғалысы басталды. Нәтижесі болары да сөзсіз. Көктемде әр отбасы мүшесі үшін «Үш талдан» акциясы басталды. Яғни әрбір отбасы мүшесі үш талды егеді, оның күтімін бақылайды. Оны суарып, баптап, үлкен жайқалған тал болуына өз үлесін қосады. Әлеуметтік желі арқылы таралған бұл акцияға алыс аудан тұрғындары да үн қосты», - деді ол.

Оның айтуынша, аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту бағытында бірқатар жобалар қолға алынған. Олардың қатарында САРАТС жобасы қолға алынғаннан бастап назар аударылып келе жатқан жобалар бар. Облыстық табиғи ресурстар басқармасы тарапынан құрылған жұмысшы тобы Арал теңізі акваториясының қазіргі деңгейінде су толтыруға болатын Жалаңаш көлі мәселесі қарастырылуда. Оны тіпті өз қаржысына жасаймын деген жергілікті кәсіпкерлер де дайын. Тек сараптама, жоба, келісімнен өтіп рұқсат құжаттарын күтуде.

«Туған жерге жанашырлық, отансүйгіштік отбасындағы тәрбие арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Ол жанашырлықтан, тазалық сақтаудан басталады. Біздің табиғатқа жанашырлық танытатын уақытымыз келді. Оны халықтық жаппай қозғалысқа айналдыруымыз тиіс. Тек осылай ғана еліміздің табиғат байлығын тек пайдаланушы емес, молайтуға зор үлесімізді қоса аламыз», - деді Б.Нұрқожаев.



Соңғы жаңалықтар