Сыр өңірінде туған жомарт жандар анықталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр топырағында дүниеге келіп, есімі әлемдік және республикалық деңгейде елге танылып жүрген азаматтар Қызылорда облысында өткізілген «Туған жерге тағзым» акциясына арнайы келді. Олардың қатарында мәдениет, медицина, өнер, журналистика және басқа сала өкілдері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыр өңірінен шыққан танымал азаматтар қай кезде де туған жерді естен шығармайды. Өзінің тарапынан туған жерді түлетуге және кеңінен танытуға зор үлес қосып келеді. Елімізге белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев биыл Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған «Сыр елі» әнінің тұсауын кесіп, өз жерлестерінің зор қошеметіне бөленді.

«Қызылорда облысында дарынды өнерпаздарды қолдау мақсатында көптеген игілікті іс-шаралар атқарылып келеді. Былтыр белгілі әнші Роза Бағланова атындағы республикалық байқауды Сыр өңірінде өткізуге ұсыныс білдірген едік. Бұл ұсынысымыз қолдау тапты. Биыл байқау алғаш рет өткізіліп, дарынды өрендер жүлделі орындардан көрінді. Біз туған жерге құрмет ретінде осындай іс-шараларға қолдау жасауға әр кезде дайынбыз», - деді Кеңес Дүйсекеев.

Соңғы жылдарда тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан акция барысында белгілі журналист Нұртөре Жүсіп барша сырбойылық азаматтарды туған жерді түлетуге үлес қосуға шақырды. Тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев Сыр өңірінің ежелгі тарихы жөнінде жөнінде ой-пікірін білдірді.

Сондай-ақ, акция барысында қайырымдылық көмегін жасаған бірқатар азаматтарға «Жомарт жүрек» номинациясы табыс етілді. Олардың қатарында Шиелі ауданы Ш.Қодаманов ауылында 90 млн теңгеге спорт кешенін салып берген Бауыржан Көпеев «Жыл меценаты» атанды. Сондай-ақ, 150-ге жуық адамды еңбекпен қамтып, қайырымдылық шараларында 2 млн теңгеге жуық қаржылай демеушілік жасаған кәсіпкер Ақшагүл Махатова «Жыл тұлғасы» болды. Өзге де азаматтар түрлі номинация бойынша мараптақа ие болды.

Соңғы жаңалықтар