Сыр елінде республикалық бәйге өтеді

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 22 сәуірде Қызылорда облысында бәйгеден ҚР чемпионатының іріктеу кезеңі өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұл мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Бүгінде ипподром сайысты өткізуге толық дайын. Өткен бәйгелерге қарағанда тіркелген аттар саны көп. Сайысқа қатысушы спортшылар топ бәйге, құнан бәйге және аламан бәйге бойынша сынға түседі. Жүлде қоры – 35 600 000 теңге. Аламан бәйгенің жеңімпазы Astana Motors компаниясының демеушілігімен автокөлік мінеді. Бәйге өте жоғары деңгейде өтіп, халықтың көңілін көтереді деп сенеміз,-деді Асылжан Зұлфқарұлы.

- Ауқымды дайындық бүгінде өз мәресіне жетті. Бәйгеден бөлек, қыз-келіншектерге арналған «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты костюмдер байқауы өтеді. Бұл байқауда елуден аса қатысушы бақ сынайды. Оған қатысатын бойжеткендер ұлттық киіммен шығып, сән-салтанат бойынша сынға түседі. Жүлде қоры – 1 млн теңге. Сондай-ақ жүлдесі 500 мың теңгені құрайтын қол күрес, арқан тарту, гір көтеруден сайыстар өткізіледі,-дейді Kazpetrol Group-тың PR менеджері Мейрамкүл Ходжаева.

- Биыл республика бойынша жеті іріктеу кезеңі болады. Ал соңғы қорытынды кезең Жамбыл облысында өтеді. Бірінші кезеңі 22 сәуір күні Сыр елінде бастау алады. Қызылорда облысынан қырық ат іріктеп алынды. Дайындығы өте жақсы. Жалпы республика тарапынан 210 шабандоз өз бағын сынайды,-деді Қызылода облыстық Бәйге федерациясының президенті Әділжан Ізтілеуов.

Айта кетейік, шара Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Бәйге федерациясы республикалық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтеді.

Сондай-ақ шараға Kusto group, Compass, Kazpetrol Group компаниялары қолдау көрсетеді.


Соңғы жаңалықтар