+7 (701) 759 90 19
USD 386.30 EUR 428.14
RUB 6.08 CNY 54.87
Jańalyqtar

Сын сағатта ерлік көрсеткен полицейлер жайлы не білеміз

2019 жылғы 13 қараша 19:30
Бөлісіңіз:
Сын сағатта ерлік көрсеткен полицейлер жайлы не білеміз

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат агенттігі бұл мақалада өміріне төнген қауіпті ысыра тұрып, адамдарға қол ұшын созған, осылайша полиция қызметінің абыройын көтеріп жүрген қарапайым адамдар туралы баяндайды.

Ұқсас жаңалықтар
Шымкент полицейлері балалар үйінің жеткіншектерімен бірге жаттығу жасады Алматы полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр СҚО-да ауыл кәсіпкерлері учаскелік полицейге қызметтік баспана салуда

Тілсіз жаумен күрескен тәртіп сақшылары

2012 жылдан бері елордада құқық қорғау органы қызметкерлері қатарында жүрген Дінмұхамед Масадықов осы жылдың тамыз айында тосын оқиғаның куәсі болады. Сағат түнгі үшке таман Қабанбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде алтыншы қабаттан бастап тоғызыншы қабатқа дейін өрт жалмап, адамдардың сыртқа шығар жолын бөгейді. Осы сәтте ыс пен өртті елемей, тәртіп сақшысы өртенген үйден әйел мен баласын алып шыққан. Ердің ері сыналар оқиға болған тұстағы батырлығы үшін Дінмұхамед қала әкімінің Мақтау қағазымен, Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды.


Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің патрульдік полиция полкінде еңбек етіп жүр.

Тосыннан келген өрт оқиғасы кезінде алматылық полиция сержанты Әділет Әлімқадыр да тосылып қалған жоқ. Қызметіне кіріскен 2016 жылдың өзінде құқық қорғаушы қызметтік әрі өмірлік сынақпен бетпе-бет келген. Жер үйлердің бірі өртеніп жатқанын көрген полицей көршілерден үй ішінде адамдардың барын естиді. Әділет ақыры өрт сөндірушілердің келгенін күтпей, өртенген үйге жүгіріп кіреді. Тілсіз жаулап ете түсіп, үйді алып кеткенше егде әже мен немересі сыртқа шығып үлгере алмай қалған көрінеді. Тәртіп сақшысы талықсып жатқан екі адамның бетін дымқыл шытпен жауып, сыртқа көтеріп алып шыққан.

Осыдан кейін сержант үй ішінде екі газ балонының барын біледі. Әлбетте, оны уақтылы шығармағанда алапат жарылыс болар еді. Әйтсе де, полиция қызметкері балондарды сыртқа алып шығып, қауіптің бетін қайтарған.

Қазақстан Президентінің Жарлығымен Әділет Әлімқадыр ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қазіргі уақытта Әділет Алматы қалалық Полиция департаментінің заңсыз көші-қонмен күрес бойынша взводының мамандандырылған бөлімінде қызметте.

Тілсіз жаудың қаупінен адамдарды құтқарған Көкшетау қаласындағы полиция сержанты Асхат Ерқашевтың ерлігі де елеусіз қалған жоқ. Былтыр қараша айында сержант Ұлттық гвардияның үш сарбазымен бірге кезекшілікте жүрген кезінде «ескі әуежай» тұрғын үй ауданында жарылысқа ұқсас дыбысты естиді. Оқиға орнына жеткен олар қоспәтерлі үйдің өртке оранғанын көрген. Бір минут уақытты жоғалтпай, олар үй ішіндегі адамдарды сыртқа алып шыға бастайды. Үйлердің бірінің дәлізі мен есігін тілсіз жау жалмап кеткеннен кейін бөлмелердің біріне кішкентай балалар қамалып қалған. Мұны көрген Асхат Ерқашев бөлме терезесін шағып кіріп, сыртқа үш бала мен бір әйелді алып шыққан.


Жас жігіттер осылайша өртпен алысып жүріп, тағы бір әйел мен төрт баланы қауіпсіз жерге әкеледі. Өрт болып жатқан уақытта үй ішіндегі газ балондар кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін еді. Бірақ, жігіттердің бір-бірімен ұғыса жүргізген әрекеттерінің арқасында балон да жарылмай, адамдар да зардап шекпей, оқиға өрт сөндірушілердің үйді сөндіруімен аяқталды.

Көкшетаулық Асхат та әріптесі Әділет Әлімқадыр секілді ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Биыл қыркүйекте Түркістан қаласында «Роял-гранд» қонақ үйінде өрттің болғаны белгілі. Оқыс оқиғаға қатысты видео-фотолар БАҚ көздері мен әлеуметтік желілерге тарап кетіп, күш құрылымдарын әбігерге салған болатын. Дәл сол күні қонақ үйге бірінші жеткен тәртіп сақшылары қонақ үйдегі азаматтарды сыртқа бірінші алып шыққан еді. Қиын сәтте полиция майоры Қанат Рақышев өз өмірін қауіпке тігіп, өртенген қонақ үйге бірнеше мәрте кіріп шыққан. Бес жасар бала мен Түркиядан келген профессорлар Хашим Озудогру мен Нуритдин Парылтыны да алып шыққан Қанат Рақышев еді. Осы ерлігі үшін Президент Жарлығымен майор «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.


Өз жанын құрбан етті - өзгенің өмірі үшін

Осы жылдың 21 наурызында Атырауда болған оқиға дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Сол күні «102» нөміріне кешкі сағат онға таяу белгісіз әйелдің көпірден секірмек болғаны туралы хабарлама келіп түседі. Атыраудағы полиция лейтенанты Рүстембек Сундутов пен полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев оқиға орнына бірден ұмтылған-тын. Бірер минуттың ішінде өзенге жедел жеткен тәртіп сақшылары әйелдің көпірден секіріп, суға батып бара жатқанын көреді. Дәл осы кезде Шалқар суға секіріп, оны жағаға шығармақ болған. Оның артынша Рүстембек те суға түседі. Шалқар бойжеткенді қызметтесіне тапсырып үлгеріп, өзі ағын сумен кете барған. Осылайша, жас сержант өзге үшін өз өмірін құрбан етті.


Президент Жарлығымен Рүстембек Сундутов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталса, Шалқар Ақымғалиевқа өмірден өткеннен кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді.

Шалқардың ерлігі Ерке Есмаханның «1001 күн» әніне арқау болғанын айта кетуге болады.

Павлодар облысы Аққулы ауданындағы Полиция бөлімінде қызмет ететін Ғалымбек Жұмабаев биыл жазда отбасымен Ертіс өзенінің жағасында демалып жүріп, көмекке шақырған дауысты естіп қалады. Өзеннің тыйым салынған аумағында үш бойжеткеннің суға батып бара жатыр екен. Суға күмп берген Ғалымбек бойжеткеннің бірінің шашынан ұстап, жағаға тарта бастаған. Қалған екеуі құтқарылған бойжеткенге жармасып, ақыры полицей үш адамды ажалдан құтқарды.

Полиция департаментінің бұйрығымен Ғалымбек Жұмабаев бағалы сыйлықпен марапатталды.

Оралдық полиция капитаны Еркебұлан Сапановтың ерлігі де көпке үлгі. Осыдан санаулы күндер бұрын ғана «102» нөміріне көпірден бойжеткеннің секіріп кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Бойжеткеннің бағына қарай, дәл сол күні көпір үстінде көлігімен отбасымен бірге Еркебұлан Сапанов кетіп бара жатқан еді. Әу баста Еркебұлан бойжеткен балыққа жем шашып тұр деп ойлаған екен. Алайда көлігінің бүйір терезесінен бойжеткеннің секіріп кеткенін көргеннен кейін Еркебұлан көп ойланбастан оның артынша суға күмп берген. Суға батқан қыздың шашынан шап берген ол өзеннің бетон құрылымына жүзіп барып, бойжеткенді құтқарушылардың қолына тапсырады.

Қылмыскермен арпалыс

2018 жылдың қазан айында Шымкентте қызметтік міндетін атқарып жүрген тәртіп сақшылары тұрақта тұрған көлікті айдап әкетпек болған екі адамды көріп қалады. Құқық қорғаушыларды байқап қалған қылмыскерлер бірден із суытып кетпек болған. Осы кезде полиция лейтенанты Нұржан Омаров бөліне қашқан екі қылмыскердің бірінің соңына түседі. Бір сәтте Омаров әлгілердің бірімен бетпе-бет қалған. Әккі қылмыскер қалтасынан пышақ алып шығып, полицейге бірнеше мәрте сұғып жіберген. Алайда алған жарақатына қарамастан, лейтенант бетпе-бет ұрыста қылмыскерді алып ұрып, қызметтестері келгенше оны тапжылтпаған.

Президент Жарлығымен Нұржан Омаров ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Құқық қорғаушылар мұндай қауіпті жағдайлармен күнде кездеседі. Сұрастырсаңыз, сын сағаттағы ерліктері жайлы тізе беруге болады. Елордада өрттен азаматтарды құтқарған 6636 әскери бөлімінің әскери қызметкері капитан Шыңғыс Қайыржанов, Арыс қаласында үйіндінің арасынан мүмкіндігі шектеулі жанды алып шыққан полиция подполковнигі Алтай Орманов, Ақтөбеде әйелін пышақтаған ер адамды уақтылы сабасына түсірген Әділет старшинасы Жандарбек Әбішев, дамбыға 400-ақ жүз метр қалған қайықты (үстінде есінен танған адам болған) суға сүңгіп жағаға шығарған петропавлдық сержант Мейірбек Мейрам – қай-қайсысының болмасын, ерлігі бағаланып, марапатталып жатыр. Елге қызмет ететін осындай адал құқық қорғаушылар полиция абыройын көтеріп келеді.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: ҚР ІІМ,
Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT