Сын сағатта баланың көңілін аулай білу керек – 40-тан астам балаға көмекке келген құтқарушы

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Адам жанын ажалдан арашалап, қандай да бір қиындыққа тап болғандарға көмек қолын созу – құтқарушылардың міндеті. Осы міндетті абыроймен атқарып жүргендердің бірі – Арнат Қасенов. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мамандандырылған жасағында тер төгіп жүрген оны әріптестері «Балалар құтқарушысы» деп атап кеткен. ҚазАқпарат тілшісі Отан қорғаушы күніне орай бұрынғы Марқакөл ауданының тумасымен сұхбат құрған болатын.

- Құтқарушы болып қызмет етіп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?

- Биыл 13 жыл толып отыр. Мектеп бітіргеннен кейін әскерге аттанып, одан соң 2 жыл әскери салада қызмет еткенім бар. 2009 жылы құтқарушы болып жұмысқа орналасып, міне сол уақыттан бері үздіксіз жұмыс істеп келемін.


- Бұл саланы таңдауыңызға не себеп?

- Бала күннен басқаға көмектесуді қалайтынмын. Әкемнің сіңірген тәрбиесі солай. Асқар тауым айналасындағыларға әркез көмек қолын созып жүретін. Осыны көзбен көріп, санамызға түйіп өстік. Содан кейін құтқарушы атандым. Әлі күнге дейін қызметімнен жалығып, шаршап көрген емеспін.


- Қауырт қызметтеріңіздегі ең қиыны не?

- Меніңше, жол-көлік оқиғаларына барған кезде қиындау. Себебі апатқа тап болған адамдарды көргеннің өзі ауыр. Олардың қыстырылып қалған қол-аяғын шығарғанда барынша абай болу қажет.

Өрттен адамдарды құтқару да оңай шаруа емес. Айналаны тұмшалаған көк түтіннен ештеңе көрінбей жатады. Адамдарды аман алып қалу үшін әр секундтың маңызы зор.


Бірде Өскемендегі Крылов көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтерде өрт шыққан еді. Бірден сол жерге аттандық. 2 бала іште қалып қалыпты. Тыныс алатын «Драгер» атты аппаратты киіп, ішке кірдік. Қасымдағы әріптесім екеуіміз балаларға маска кигіздік те сыртқа алып шықтық.

- Өзіңіздің балаларды жиі құтқаратыныңызды естідік. Әріптестеріңіз сізді «Балалар құтқарушысы» деп те атап кетіпті.


- Иә. Осы уақытқа дейін 40-тан астам балаға көмекке келіппін. Сан алуан жағдайлар болды. Бүлдіршіндер бастарын, қол-аяқтарын түрлі жерлерге қыстырып алады, құдыққа құлап кетеді, үйде қамалып қалады. Балалар ойнап жүріп бір жерге тығылып, содан шыға алмай қалған сәттер жиі кездеседі. Одан кейін жаңа айтқанымдай, отқа оранған үйлерден балақайларды құтқарып жатамыз.


Бір қиыны, балалар жылап, қай жерлері ауырып тұрғанын айта алмайды. Кейде тіпті қастарындағы ата-анасының өзі ботадай боздап тұрады. Балаларды тыныштандырып, сөзге тартып, амалын тауып көмектесуге тырысамыз. Бәрі сәтті аяқталған соң олардың қуаныштарын көру – үлкен бақыт. Шынайы алғыстарын білдіріп жатқанда көкірегімді ерекше сезім кернейді.


Жұмыстағы әріптестеріме рахмет! Қандай оқиға болмасын бір-бірімізбен ақылдасып, түсінісіп әрекет етеміз. Мен біреуді құтқарсам, қасымдағы жігіттердің көмегінің, демеуінің арқасы деп білемін.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар