Сығанақты зерттеуге өзбек археологтары да қызығушылық танытты

None
None
ЖАҢАҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында орын тепкен Сығанақ қалашығын Қазақстан және Өзбекстан археологтары бірге зерттеу ісін қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл іс-шаралар Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр.

Сығанақ қалашығын жан-жақты зерделеу шараларына Түркістан қаласындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің археологиялық зерттеу институты ғалымдары белсенді түрде атсалысып келеді. Университет археологтары 2003 жылдан бері бұл бағытта көптеген жұмыстарды жүзеге асырды. Бүгінгі күнге дейін өткен күндердің белгісі ретінде көптеген көне жәдігерлер қолға түсті. Ғалымдар ескі кезеңнен сыр шертетін сан алуан сәнді ғимараттардың орнын тапты.

Ғалымдардың айтуынша, бұл қалашық орнынан құмыра, ақша, сырға, жүзік және сүйектен жасалған бұйымдар шыққан. Сондай-ақ, мұнда тұрған адамдар ойнаған асықтар да қолға ілінді. Бір орыннан 30-40 асық табылды. Сонымен қатар, қазба жұмыстары барысында Сығанақтың орналасу жағдайы да анықталып жатыр. Нәтижесінде ғалымдар көне шаһардың шығыс қақпасының орнын анықтады.

«Сығанақ қалашығы UNESCO-ның Дүниежүзілік мұраларының алдына ала тізіміне енгізілгені белгілі. Бүгінде көне қалашықты туризм орнына айналдыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Сығанақтың аумағы қоршалды, мұнаралы қақпасы мен қорған қабырғаларының бірқатар бөлігі 3 метр биіктікке дейін қалпына келтірілді. Осының нәтижесінде шамамен Х ғасырдан бастап тарихтан белгілі қала ашық аспан астындағы мұражайға анйалды. Биыл біздің зерттеу жұмыстарымызға өзбек әріптестеріміз де атсалысып отыр», - деді Түркістан қаласындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің археологиялық зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Мэлс Бақытбаев.

Сығанақты зерттеу шараларына Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы Орта Азия зерттеулер халықаралық институты ғалымдары келді. Олар қазақстандық әріптестерімен бірге Сығанақты жан-жақты зерттеуге назар аударып отыр.

Бұдан бұрын Жанкент қалашығы туристік нысанға айналатынын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар