Сычуань арада 42 жыл өткенде отбасындағы бала санына қойылған шектеуді алып тастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қытайдың Сычуань провинциясының билігі әр отбасындағы бала санына қойылған шектеулерді алып тастады. Бұл - елдегі туу көрсеткішінің төмендеуімен күресуге бағытталған шара, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Сонымен қатар, провинция үкіметі бұдан былай некесіз бала туған әйелдер де ресми тіркеуге алынып, ерлі-зайыптылар сияқты жеңілдіктерді ала алады деп шешті.

Қытай заңы күйеуге шықпаған әйелдердің бала тууына тыйым салмайды, бірақ онда көрсетілгендей, заң тұрғысынан некелі әйел ана атанады.

Бұдан былай Сычуань провинциясында тұрмысқа шықпаған кез келген әйел бала туғысы келсе, медициналық көмекке, мектептен орын алуға және ақшалай төлемдерге жүгіне алады.

Қытай билігі неше жылдан бері «бір отбасында – бір бала» саясатының салдарынан пайда болған келеңсіз демографиялық үрдісті өзгертуге тырысып келеді.

Өткен жылы Қытай халқының саны соңғы 60 жылда алғаш рет қысқарды. Бұрынғы халық санының азаюы Мао Цзэдунның экономикалық экспериментіне байланысты болды, ол жаппай ашаршылық пен өлім-жітімнің артуына әкелген.

23 қаңтарда Қытай үкіметі 2022 жылы Қытайда 9,56 миллион адам дүниеге келіп, 10,41 миллион адам қайтыс болғанын көрсететін статистикалық мәлімет жариялады.

Халық саны кемуінің бір себебі – қала тұрғындарының көбі некеге тұруды және балалы болуды кейінге қалдыруда.

Қытай Ұлттық статистика бюросының басшысы Кан Идің айтуынша, «бұл - балалы болғысы келетіндердің азаюының, некеге тұру мен жүктілікті кейінге қалдырудың және елде бала туу жасындағы әйелдер санының азаюының нәтижесі».

Сонымен қатар, «бір отбасында – бір бала» саясатының жемісі. Ол 1980 жылдың қыркүйегінде ел халқының бақылаусыз өсуін азайту мақсатында енгізілген.

Алайда оның нәтижесі Қытай халқының гендерлік қатынасының ерлердің пайдасына ауысуы болды.


Фото: bbc.com


Соңғы жаңалықтар