Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу маңызды - БҚО әкімі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлық күресінде қандайда болсын заңбұзушылыққа жол бермеу үшін оның алдын алу маңызды. Бұл туралы БҚО әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңес отырысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.

Оның айтуынша, мақсат кінәлі адамдарды тек жазалау емес. Керісінше, мемлекеттік қызметкерлер арасында қатердің алдын алу, оның заңға мүлдем қайшы екенін кеңінен түсіндіру керек. Өйткені мемлекеттік қызметкердің заңды толық түсінбеуінен және құқықтық сауатсыздығының салдарынан осындай жағдаяттар туындап жатады. Әрине, бұл мақсатқа бағытталған қай шараның да маңызы зор. Демек, жұмысты одан әрі ширатып, жүйелі жүргізе беру қажет. Неғұрлым маман жан-жақты сауатты және заңды жетік білсе, онда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ.

Осы мәселе бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы Марат Тоқжанов хабарлама жасаса, «Журналистік тексеру жүргізу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша көмек көрсететін журналистерді көтермелеуді қамтамасыз ету барысында атқарылып жатқан шаралар туралы» облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова баян етті. Осы тақырыпта өнімді еңбек еткен журналистер мен газеттер де айтылды.

Жиында облыс басшысының атап өткеніндей, мемлекет істеріне үкіметтік емес ұйымдар мен жеке азаматтарды белсене қатыстыру қажет. Бұл - сыбайлас жемқорлық сынды қоғамдық кеселге қарсы күресте аса тиімді. «Сонымен бірге облыстық басқарма, департамент басшылары мен аудан әкімдері БАҚ өкілдері алдында ашықтық танытып, мәліметті кідіртпей беруі керек. Оны мамандар мен орынбасарларға сілтей салу дұрыс емес. Қазіргі заман бәрімізден ашықтық пен дәлдікті талап етеді. Журналистердің де бұл іске қосар үлесі қомақты. Бұл ретте олар кәсіби міндеттерін адал атқарып, «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» демей, ақпаратты нақты да дәл жеткізуі керек. Мақсат ортақ - осы кеселмен көп болып күресіп, оған жол бермеу», деді әкім.

Мәжіліс барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев пен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің басшысы Жанмұрат Балғабаев облыс активіне таныстырылды.

Соңғы жаңалықтар