Сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың әлемдік индексі жарияланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Transparency International жаһандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы 2022 жылғы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін (CPI) жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Албания, Эквадор, Панама, Перу, Сербия, Шри-Ланка, Таиланд және Түркиямен позицияны бөлісіп, 36 балл жинады.

Қазақстан бұған дейінгідей 9 дереккөз негізінде бағаланды. Екі рейтингілік агенттіктің сарапшылары қабылданып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың бағаларын көтерді, төрт агенттіктің сарапшылары өз бағаларын төмендетті, қалған үшеуі – бағаларын өткен жылдың деңгейінде сақтап қалды.

Биылғы жылы жаһандық зерттеудің негізгі тақырыбы – азаматтарды қорғауға, құқықтың үстемдігін қамтамасыз етуге және бейбітшілікті сақтауға жауапты институттарды қажетті ресурстардан айыратын бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану, ысырап ету немесе ұрлау.

Көшбасшы елдер Дания (90 балл), Финляндия және Жаңа Зеландия (87 балл) болды. Оңтүстік Судан, Сирия және Сомали сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінің рейтингінде сәйкесінше 13, 13 және 12 балдарымен соңғы орындарды алады.

Қатар (58 балл), Гватемала (24 балл) және Ұлыбритания (73 балл) сияқты 26 ел биылғы жылы ең төменгі деңгейге жетті.

2017 жылдан бастап он елдің CPI көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді: Люксембург (77 балл), Канада (74 балл), Ұлыбритания (73 балл), Австрия (71 балл), Малайзия (47 балл), Моңғолия (33 балл), Пәкістан (27 балл), Гондурас (23 балл), Никарагуа (19 балл) және Гаити (17 балл).

Сегіз ел CPI рейтингін жақсарта алды: Ирландия (77 балл), Оңтүстік Корея (63 балл), Армения (46 балл), Вьетнам (42 балл), Мальдив аралдары (40 балл), Молдова (39 балл), Ангола (33 балл) және Өзбекстан (31 балл).

Өңірлік бөліністе Батыс Еуропа елдері мен Еуропалық Одақ үздік болды, оларда сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейінің орташа балы – 66 балл. Ең аз балл жинаған аймақтар – Сахараның оңтүстігіндегі Африка (32 балл) және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия (35 балл). Қазақстан ECA (Еуропа және Орталық Азия) елдер тобында бағаланды.

Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында 19 ел бағаланды: Грузия (56 балл), Армения (46 балл), Черногория (45 балл), Косово (41 балл), Солтүстік Македония (40 балл), Беларусь (39 балл), Молдова (39 балл), Албания (36 балл), Қазақстан (36 балл), Сербия (36 балл), Түркия (36 балл). Одан кейін Босния мен Герцеговина (34 балл), Украина (33 балл), Өзбекстан (31 балл), Ресей (28 балл), Қырғызстан (27 балл), Тәжікстан (24 балл), Әзірбайжан (23 балл) және Түрікменстан (19 балл) болды.

Халықаралық сарапшылар биылғы нәтижелер әлемнің көптеген елдері әлі де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте табысқа жете алмайтынын көрсетеді деген қорытындыға келді: 2017 жылдан бастап олардың 95 пайызы іс жүзінде ешқандай оң динамиканы көрсетпеді.

Қосымша ақпаратты мына сайттан алуға болады.

Айта кетсек, жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан алғаш рет 2020 жылғы көрсеткіштерімен 19 позиция жоғары көтерілген болатын.


Соңғы жаңалықтар