Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі мемқызметшілерді пара беріп тексереді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы мемқызметшілердің адалдығын тексеру тәсілдері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің адалдығын тексерудің жаңа тәсілдері ішінде «Itegrity-check» деген бастама бар.

«Мәселен, сыбайлас жемқорлық қаупі бар лауазымдар болады. Ал ондай қызметте отырған адамдарды тексеріп тұру қажет. «Itegrity-check» аясында оларға заңсыз сыйақы алуға ұсыныс жасалады. Егер мемқызметкер ондай ұсынысқа келісім берсе, онда мемлекеттік қызметтен шеттетілетін болады», - деді О.Бектенов мемлекеттік қызметті жаңа форматта қалыптастыруға арналған панельдік сессияда.

Бұдан бөлек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заңсыз байығаны үшін жауапкершілік енгізуді жоспарлап отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы да соған басымдық беріп отыр. Ал БҰҰ Жемқорлыққа қарсы конвенциясында нақты талап бар.

«Конвенцияның 20-бабында заңсыз байығаны үшін жауапкершілікті енгізу міндеті жазылған. Қазақстан аталған құжатты 2008 жылы ратификациялаған болатын. Осыған байланысты бүгінде біз осы идеяны жан-жақты дамытып, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. 2020 жылы кірістер мен шығыстарды жалпыға ортақ декларациялау енгізілетіні белгілі. Соның аясында заңсыз байығаны үшін жауапкершілікті енгізген дұрыс деп санаймыз. Мәселен, шенеуніктің шығыстары кірісінен артық болса, белгілі бір жауапкершілік қарастырылуы шарт», - дейді О.Бектенов.

Соңғы жаңалықтар