Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері атын жамылған алаяқ ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Екібастұз қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері атын жамылған алаяқ ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушісі Қайсар Баржақсынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Павлодар облыстық департаменті өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерімін деп таныстырған Екібастұз қаласының тұрғынын ұстады. Алаяқ белгілі схема бойынша әрекет еткен», - деді ол.

Тергеушінің айтуынша, ол азаматтың сеніміне кіру арқылы оған қатысты құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық іс тіркелгендігі немесе тексеру жүргізілгендігі туралы хабарлаған. Сонымен қатар қылмыстық қудалауды тоқтатуға жәрдемдесуге дайын екендігін білдірген.

«Қылмыстық істі тоқтатуды сылтауратып, оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне табыстау үшін 300 000 теңге қаражатын беруді талап еткен. Сол арқылы билік институттарына сенімсіздік тудыру түрінде мемлекетке зиян келтірген. Егер аталған аймақтың азаматтары алаяқтың іс-әрекеттерінен зардап шеккен болса, онда бізге келесі телефондар арқылы дереу хабарласуын өтінеміз: 8 (7182) 37-85-86 және 37-85-87», - деді Қайсар Баржақсынов.


Соңғы жаңалықтар