Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «СҚ-Фармацияның» қоймасын тексерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сақталатын «СҚ-Фармация» логистикалық хабына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық бірыңғай дистрибьютор 85 мемлекеттік медициналық ұйымды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етеді. Қойманың жалпы аумағы 6,5 мың шаршы метрді құрайды, онда дәрі-дәрмекті сақтауға қажетті мұздатқыш камералары, бөлінген аймақтар, белгілі бір температуралық режим сынды барлық жағдай қамтылған.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы Бірыңғай дистрибьютор арқылы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары және Нұр-Сұлтан қаласындағы 85 медициналық ұйым қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 5 республикалық клиника мен 80 қалалық маңызы бар медициналық ұйым бар. Бізде дәрі-дәрмек бір жылдан екі жылға дейін сақталады. Шілде айында ведомствоаралық комиссияның қаулысы бойынша 44 атаудан тұратын дәрі-дәрмектің азаймайтын қорын құру туралы тапсырма берілді. Желтоқсан айында Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен, үш дәрілік зат бір препаратқа ауыстырылды, бір препарат – «Ремедисивир» коронавирусты емдеу протоколынан шығарылды. Сол себепті, қазір 44 атаудың 40-ы сақталуда. Дәрілер бойынша тапшылық жоқ. Мұнда екі айлық дәрі-дәрмектер қоры құрылған», - «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Аймұарт Салиев елордалық хабта өткен мониторингте.

Ұйымның хабарлауынша, азаймайтын қордың ең төменгі төлемі екі айлық болуы керек. Яғни ай сайын кемінде 60 мың пациентті емдеуге жеткілікті дәрі-дәрмек болуы керек. Яғни, бұл қордан қандай да бір дәрі өңірлерге жіберілсе, дереу толықтырылып отыруы керек.

Қазіргі уақытта пандемия кезінде «СҚ-Фармация» қоймаларының жұмысы өзгерген. Жұмысшылар тәулік бойы үзіліссіз бірнеше ауысыммен жұмыс істейді. Келген дәрі-дәрмек қоймада көп жатпай, бірден үйлестіріліп, тиеледі.

Сонымен бірге, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елордалық департаментіндегі превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Марат Хайруллин мониторингті қорытындылады.

«Бүгін «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында «СҚ-Фармация» қоймаларының дәрілік заттармен және қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету қызметіне мониторинг жүргіздік. «СҚ-Фармация» ұйымы келтірген деректерге сәйкес, қоймада төтенше жағдайларға, оның ішінде коронавирус инфекциясына арналған қор бар. Өздеріңіз білетіндей, пандемияның басында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің жеткілікті деңгейде болмағаны айтылып еді. Қазір жағдайдың түзелгенін көріп отырмыз, барлық дәрі-дәрмек жеткілікті, денсаулық сақтау қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталған.

Мониторингтің негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу, оның ішінде қоғамды мемлекеттік ұйымдар жұмысын бақылауға тарту. Бүгінгі тексеру бойынша ескертулер болған жоқ, «СҚ-Фармация» денсаулық сақтау нысандарына жіберілетін барлық жоспарлы шығындар туралы мәліметті берді», - дейді Марат Хайруллин.


Соңғы жаңалықтар