Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өз кәсіподағын құрды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде кәсіподақ құрылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік аппаратының жетекшісі Саян Аxметжановтың айтуынша, аталған бастаманы қызметкерлер өздері көтерді. Агенттік басшысы оған араласқан жоқ. "Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің негізгі миссиясы - кәсіби мемлекеттік аппаратты құру. Ал кәсіби мемлекеттік аппаратты құру мәселесі еңбек құқықтарын сақтаумен тікелей байланысты. Сондықтан агенттікте кәсіподақтың құрылғаны орынды деп санаймыз. Оны агенттіктің бір топ қызметкері өз бастамасымен құрып отыр. Оған басшылық та, басқалар да араласқан жоқ. Біз қарсылық та білдірген жоқпыз. Өйткені ол - әрбір азаматтың жеке құқығы. Елбасы айтқандай, кәсіподақ - ол тұрақтылықтың тірегі. Сол себепті кәсіподақ тұрақтылықтың күшеюіне, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен әділеттігін сақтауға өз үлесін қосады деген үміт бар", - деді С.Аxметжанов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта кәсіподаққа кірген қызметкерлер санаторлық-курорттық демалысқа бара алады. Материалдық көмек те болады. "Аталған құрылым меритократия негіздерін күшейтіп, қызметкерлердің құқықтарын жан-жақты қорғаса, құба-құп. Біз ондай бастамаларды қолдаймыз", - деп атап С.Аxметжанов.

Айта кетейік, алдағы уақытта ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өз қызметкерлері үшін икемді жұмыс кестесін енгізуді жоспарлап отыр. Аталған бастама оң нәтиже берсе, ондай кесте барлық мемлекеттік органдарға таратылады.

 

Соңғы жаңалықтар