Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандар сыйақы алды - СҚО

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – СҚО-да сыбайлас жемқорлқ құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлағандарға жыл басынан бері 858 мың теңге сыйақы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, егер кінәлі адамға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, құқық бұзушылық туралы хабарлаған адамға біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.

Қазіргі таңда Агенттік халықаралық тәжірибені ескере отырып, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағандарға көтермелеудің сараланған жүйесін енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Мәселен пара сомасы 2,5 млн теңге мен 10 млн теңге аралығында болса, хабарлаған адамға оның 10% берілмек.

СҚО-да тек тамыз айының соңында ғана екі мемлекеттік қызметші парамен ұсталды. Тимирязев аудандық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімшесі әкімшілік ғимаратының сырылуына жол бермеу мақсатында келісілген 200 мың теңгенің 100 мың теңгесін алу кезінде ауылдық округ әкімі ұсталды.

Сондай-ақ, Шал ақын ауданының Ветеринария бөлімінің басшысы да әкімшілік хаттаманы толтырмай 100 мың теңге пара алғаны үшін қолға түсті.

Екі мемлекеттік қызметкер де өз кінәларын толығымен мойындады. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Жалпы, жыл басталғалы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 105 қылмысты анықтады, оның ішінде 86-сы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын 75,7 млн теңге. Қазіргі уақытта олардың 72,2 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар