Сыбайлас жемқорлық: петропавлдық Батыр ана кезекпен күткен пәтерін былтыр алуы керек болған

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көп жыл күткен кезегі келсе де, пәтерін ала алмай жүрген Батыр ана Тәуелсіздік күні қарсаңында баспаналы болды. Зейнеткер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінгеннен кейін құқығы қалпына келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Күлзайра Сердалинова «Алтын алқа» және «Батыр ана» орденімен марапатталған. Өңір тұрғыны құқығын пайдаланып, бірнеше жыл бұрын Петропавл әкімдігіне баспана кезегіне тұрған. Алайда, көптен күткен кезегі келгенімен, көп балалы ана пәтерге қол жеткізе алмаған. Петропавл қаласының әкімдігі кейуанаға жаңа пәтердің кілтін тек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін ғана табыстады.

«Күлзайра Сердалиноваға бір жарым жыл бұрын, яғни 2021 жылдың тамызында өткен тұрғын үй комиссиясының отырысы қорытындысы бойынша пәтер беру жөнінде оң шешім шығарылғаны расталды. Мұндай фактілер жүйелі сипатқа ие. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау барысында олардың себептері анықталып, жою бойынша бірқатар ұсынымдар әзірленді. Талдау нәтижесі туралы толық мәлімет қосымша хабарланатын болады», - делінген департамент таратқан хабарламада.


Соңғы жаңалықтар