«Сыбаға» бағдарламасы қайта жаңғыртылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бағдарламаны жүзеге асыруда ірі шаруашылық қожалықтары емес, отбасылық фермаларды дамытуға да баса назар аударылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі мен өнім экспорты көлемін 2,5 есеге ұлғайту міндеті қойылды. Бұл орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018-2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеп, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруды қарастырды. Осы тұрғыда біздің қор биыл «Сыбаға» бағдарламасын жаңартып, несиелеуді бастады», - деді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының басқарма төрағасы Жандар Омаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, несие етті бағыттағы ірі қара және ұсақ мүйізді мал басын сатып алуға бағытталған.

Ерекшеліктеріне тоқталсақ, біріншіден, бұрын аталған бағдарлама бойынша 30 млн теңгеге дейін несие алу мүмкін болса, бүгінде оның көлемі 70 млн теңгеге жетті. Екіншіден, несиені өтеу мерзімі 7 жылдан 15 жылға дейін ұзартылса, одан бөлек, үстемақы көлемі 4% дейін азайтылды.

«Тұқымды малды шетелден әкелетін шаруашылықтар мемлекеттен қосымша әр малдың басына 225 мың теңге субсидия алу қарастырылған. Және пайыздық үстемені 14%-дан 4%-ға дейін субсидиялау арқылы азайта алады. Оған қоса, жас малды бордақылау алаңына тапсырған кезде тірі салмақтың әр келісіне 200 теңгеден субсидия ала алады. Келесі кепілдік бойыша алынған несиенің 75%-на дейін сатып алынатын мал мен техниканы кепілдікке қоя алады», - деді ол.

Үстіміздегі жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 14 млрд-тан астам теңгеге 627 несие қаржыландырылды. Ол бойынша елімізге 22 мыңға жуық ірі қара және 70 мыңға жуық ұсақ мал басы әкелінді.

«Алдағы жылдың жоспарымен бөліссек, «ҚазАгро» холдингі өзінің еншілес компаниялары арқылы 100 мыңнан астам бас ірі қара мал сатып алу қаралуда. Яғни жоспар биылғы жылмен салыстырғанда 2 есеге артық орындалғалы тұр. Тағы бір мәселе бағдарлама бойынша ірі шаруашылық қожалықтарын емес, шағын отбасылық фермаларды дамытуға баса назар аударылады»,- деді Ж.Омаров.

Соңғы жаңалықтар