Светлана Романовская: Тұтынушылар өз құқығын білмейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сапасыз өнімдерге шағымданған қазақстандықтар саны 23,5 пайызға артқан. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз конференциясында  «НОМАД Иншуранс» және «Ұлттық тұтынушылар лигасы» РҚБ сақтандыру компанияларының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Мамандардың айтуынша, 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығында  9713 шағым келіп түссе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 12696 -ға жеткен.

 «Біздің компания сапасыз өнімдер мен қызмет көрсетулерге байланысты  тұтынушылар арасында сауалнама жүргізген болатын. 119 адамнан ғана жауап ала алдық. Сауалнама нәтижесі бойынша тұтынушылардың 61 %-ы келеңсіздіктерге тап болып, олардың 45 %-ының мәселесі шешімін тапқан. 12 % өз құқығын қорғауға тырысқанымен, онысы сәтсіз аяқталған»,-деді «НОМАД Иншуранс» басқармасының өкілі Дәурен Иманжолов.

Оның мәліметінше, кәсіби жауапкершілікті, қойманы, демалысты, перзентханадағы қауіпсіздік үшін сақтандыру түрі көбейген. 

«Егер қандай да бір шиеленіс туындаса, Ұлттық тұтынушылар Лигасына жүгіну керек. Жыл басынан бері 46 шағымды қарастырдық, оның 21-і талап тәртібінде, 12-і медиациялық тәртіпте қаралды, 13-і сотқа жіберілді. Адамдардың көп қателесетін тұсы - өнімді суретке, бейнежазбаға түсіруге болатынын біле бермейді. Тұтынушылар дүкендердегі тыйым салынған хабарламаға қарамастан, тауарды суретке, бейнежазбаға түсіруге толық құқылы екенін айтқым келеді», - дейді  «Ұлттық тұтынушылар лигасы» РҚБ төрайымы Светлана Романовская.

Сондай-ақ, баспасөз конферециясын ұйымдастырушылар тұтынушылар лигасына мүшелік картасын ала алатынын қалалықтардың қаперіне салды. Сол арқылы мамандардан тұтынушылар құқығы жайындағы мәліметтерге қаныға алады. Аталған ұйымға мүшелік тұтынушылық құқықты қорғаумен қатар моральдық зиянның өтеуін талап етуге күш салады.

 «Қазір ата-аналарға балабақшаларда тағамның, ойыншықтардың сапасын тексеруге болмайды. 50 орыннан аспайтын мейрамханалардағы тамақ мерзімі мен сапасын  арнайы орган қызметкерлеріне тексеруге  тыйым салынған. Біз өзіміздің сайтымызды іске қостық. Ол жерде осыған ұқсас жағдайларда өз құқығын таптатпау үшін қандай қадамдарға бару керектігі айтылады. Сондай-ақ Лига мүшелері аздаған сомаға заңгерлік қызметті пайдалана алады»,-деді Светлана Романовская.

Оның айтуынша, еліміздің ірі сауда орындарында  мамандармен тексерілген  өнімдер арнайы сөрелерге қойылады. Оларға «Безупречно» деген белгі жапсырылып, ол бағасына сапасы сай екендігін білдіретін болады.

Соңғы жаңалықтар