Светлана Галышева: Сочиде алуы тиіс медаль қызыма Пхенчханда бұйырды

None
None
  ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат тілшісі Пхёнчхандағы қысқы Олимпиада ойындарында қола жүлде алған фристайлшы Юлия Галышеваның отбасына хабарласып, анасымен сұхбаттасты.

- Светлана Геннадий қызы, Юлияның жеңісі құтты болсын! Онымен хабарласа алдыңыз ба? Көңіл-күйі қалай екен?

- Қызым сіздің алдыңызда ғана қоңырау шалған. Өте қуанышты екенін айтты. "Бұл медальді Сочиде алуым керек еді. Бірақ тағдыр Пхёнчханда тұғырға көтерілуімді жазыпты. Оған да шүкір" деп ағынан жарылды.

- Юлия ақтық сынға алтыншы орыннан шықты. Сол кезде көңіл-күйіңіз қандай болды?

- Іріктеу кезеңдерінде қатты қобалжып отырдым. Ақтық сынға жолдама алар  тұста, тіпті жылап жібердім. Абырой болғанда, финалға алқынбай жетті. Ал финал өткен кездегі күйімді жеткізу, тіпті мүмкін емес. Қызымның жүлдегер болғанын қайталау трансляциясында ғана түсіндім деуге болады.



-
Қызыңызды сағынған шығарсыз? Көріспегелі көп болды ма?

- Бұл Олимпиада циклі өте қарбалас болды. Үйге көп қонбады деуге болады. 31 қаңтарда Алматыдан ұшып келіп, бір күн қасымызда болды. Білген дұғамызды айтып, ақ батамен шығарып салдық. Өзім шіркеуге барып, тілеуін тілеп жүрдім. Кореяға жеткен кезінде қоңырау шалды. "Тамақтары жағып жүр ме?" деп сұрадым. "Сіз ойлағандай тек соус қана жеп жүрген жоқпыз. Алаңдамаңыз" деп күлген сонда. Бұйырса, 18 ақпанда олар Алматыда болады. Енді, тезірек үйге аман-есен жетуін тілеймін.

-Юлия спортқа қалай келді? Бұл жағынан ол кімге тартқан?

- Юлияның əкесі осыдан 7 жыл бұрын қайтыс болған. Дене бітімі жағынан соған көбірек тартса керек. Сəби кезінде ағаш басына өрмелеп шығатын тентек болды. Ал мен тумысымнан биіктен қорқамын. Ол балабақшаға баратын жасқа келгенде елдегі жағдай қиын еді. Балабақшалар жабылып қалған. Сондықтан, бос уақытын үйірмеде өткізсін деп биге бердік. Биді алып кете алмады. Мүлде ұнатпады. Одан да секіріп ойнауға бейім тұратын. Алғаш шаңғыға апарғанымызда көзі жайнап шыға келген. Сол кезден бастап шаңғыдан қол үзбеді. Жаттығуға екі автобуспен қатынайтын. Оған да көнді. 9 жасында алғашқы бапкері Германияға көшіп кетті. Жаңа бапкер  келгеннен кейін екі айдан соң, оншақты баладан бесеу ғана қалды. Сондай табандылығының арқасында бүгін міне жетістікке жетіп отыр.



-
Юлия үйдегі нешінші бала?

- Айтып өткенімдей, ол туған кезде еліміз əлі нарыққа бейімделіп үлгермеген болатын. Сондықтан да шығар, Юлиядан басқа баламыз болмады. Ол өзі тұйық болатын. Оны үйірмеге де сол үшін бердік. Құрдастарымен араласып, ортаға бейімделгенін қаладық. Жалғыз бала болған соң тəрбие мен махаббаттан кенде қалған жоқ. Бірақ жалғызымыз екен деп, беталды өбектеген де емеспіз. Жаттығуға апарған кезде кейбір аналардың қыздарына "Сенен артық бала жоқ. Сенің ісіңнің бəрі керемет" деп жатқанын жиі еститінмін. Ал біз дұрыс қылығын құптап, бұрыс қылығын сынап отыратынбыз. Сол тəрбиеміз дұрыс болған сияқты.

-Əңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар