Сұйытылған газды нарықта өткізу тәртібі ашық болады – Мәжіліс

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы құжат 2023 жылғы 11 қаңтарда бірінші оқылымда мақұлданды.

«Бұл құжатты Парламент депутаттары сұйытылған мұнай газының айналымын реттеудің құқықтық негіздерін өзгерту мақсатында әзірледі. Сұйытылған газ – шектеулі ресурс. Бір жағынан газ тапшылығы өндіріс көлемінің төмендігімен байланысты. Бағаны үнемі шектеу зауыттардың жұмысын тиімсіз етеді. Екінші жағынан, газ нарығы өте жабық, делдалдар және көлеңкелі экспорт бар», - деді депутат Екатерина Смышляева.

Оның айтуынша, тапшы тауарды бөлу мен пайдаланудың барынша ашықтығын қамтамасыз ету заң жобасының бірқатар нормалары арқылы іске асырылады.

Біріншіден, бірыңғай баға саясатын қалыптастыру үшін бөлшек сауда бағаларын реттеуді Бәсекелестікті қорғау агенттігінен Энергетика министрлігіне беру ескерілген.

Екіншіден, сұйытылған газды таратудың ашық жүйесін құру қарастырылған. Бұл ретте жүк құжаттары, фискалдық операциялар және жеткізуші компаниялардың тіркелген резервуар сыйымдылығы туралы мәліметтерді алудың тәуелсіз процедурасы қамтылады.

«Барлық дерек қолданыстағы ақпараттық жүйелерден алынады. Сұйытылған газдың айналымы зауыттан тұтынушыларға дейін ашық болады. Заң жобасында ұсынылған сұйытылған газ нарығын реттеу моделі оны қарапайым тұтынушыға жеткізу тәртібін жеңілдетеді», - деді Е. Смышляева.

Бұдан басқа, заң жобасында энергетика саласындағы уәкілетті органға сұйытылған газға өндірістен бөлшек саудаға дейінгі баға белгілеу әдіснамасын айқындау құқығын беру көзделген.


Соңғы жаңалықтар